ИҒТИКАФ ҚҰЛШЫЛЫҒЫ

25 сәуір 2022 6336 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні рақымға толы, ортаңғы он күні кешірімге толы, соңғы он күні тозақтан қалқан болатынын ескерсек, осы соңғы он күнге тән арнайы құлшылық түріне тоқтала кеткен орынды. Ол «Иғтикаф» деп аталады. Иғтикаф бір жерде күту, тұру, сол жерден шықпау деген секілді мағыналарды білдіреді. Яғни, діни түсінікте Рамазан айының соңғы он күнін мешітте өткізу.

Иғтикаф туралы Құранда да, хадисте де кездеседі. Мәселен, Рамазан айының түндері туралы сөз болған аятта: «Мешіттерде иғтикафта болған кездеріңде әйелдеріңе жақындамаңдар» делінген (Бақара сүресі, 187).

Құранда аталған осы иғтикафқа Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) ерекше көңіл бөлген. Айша анамыздың айтуынша, «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Бұл әдетін өмір бойы үзбеді. Кейіннен ол кісінің жарлары бұл әдетті жалғастырды» (Бұһари, Иғтикаф, 1-18; Мүслим, Иғтикаф, 1-6).

Иғтикафтың үш түрі бар:

Біріншісі, уәжіп иғтикаф. Егер иғтикаф жасауға серт берген болсаңыз, оны орындау уәжіптікті білдіреді. Уәжіп иғтикаф кем дегенде бір күнді құрайды, күндізінде ораза ұстау керек.

Екіншісі, сүннет иғтикаф. Рамазан айының соңғы он күнінде жасалады. Бұны тұрғылықты жердегі бір кісі жасаса, басқалардың мойнынан бұл міндеттің түсетіндігі айтылады.

Үшіншісі, мұстахаб иғтикаф. Бұл уәжіп пен сүннет иғтикафтан тыс уақыттардағы иғтикаф. Бұл үшін ораза ұстау шарт емес. Тіпті мешітке кіріп шыққан уақытыңызда ниет етсеңіз де иғтикаф болып есептеледі.

Нәпіл иғтикафтың уақыты Әбу Ханифа мен Имам Маликтің айтуынша, жоқ дегенде бір күн, Әбу Юсуфтың айтуынша жоқ дегенде бір күннің жартысынан көп бөлігі, ал Имам Мұхаммедтің айтуынша, ең кемі бір сағат.     

Иғтикафтың шарттарына келетін болсақ, әуелгісі міндетті түрде – ниет ету. Егер серт ететін болсаңыз, онда тілмен де айту міндеттеледі. Екіншісі, мешіт. Әбу Ханифаның айтуынша, бұған күнделікті бес уақыт намаз оқылатын барлық мешіт жарамды. Ер кісілер үшін мешітте өткізу міндетті болғанмен, әйел кісілерге мешітте өткізу міндетті емес. Әйел кісілер күйеулерінен рұқсат ала отырып, иғтикафты өз үйінде жасайды. Сауап жағынан Харам мешіті, Пайғамбар мешіті және Ақса мешітінің жоғары тұратындығы айтылады. Ал осы мешіттен басқа мешіттердің сауабы жамағаттың көптігімен өлшенеді. Тағы бір шарты ораза ұстау. Ол жоғарыда айтылғандай уәжіп иғтикафқа тән. Ал сүннет иғтикаф онсыз да Рамазан айында жасалады. Тазалық та иғтикафтың шартына жатады. Әйел кісілер хайыз бен нифастан таза болуы керек. Ал жүніптік жағдайы оразаға зиян тигізбегені тәрізді иғтикафты да бұзбайды. Иғтикафқа кіруші мешіт ішінде жүніп жағдайға түссе, сыртқа шығып ғұсыл дәретін алып келіп, иғтикафын жалғастырады. 

Жыныстық қатынас, қажеттілік туындамаса да мешіттен шығу, талып қалу жағдайларында иғтикаф бұзылады. Иғтикафқа кіруші қатты қажетті жағдайларда ғана сыртқа шыға алады. Мысалы, ол мешітте жұма намазы оқылмаса, басқа мешітке барып келе алады. Үлкен, кіші дәрет үшін сыртқа шыға алады. Мешіттен мәжбүрлеп шығарса немесе заттарына қауіп төнгендіктен басқа мешітке ауысса, бұлар да зәру жағдайларға жатады. Бұндай жағдайлардың тысында мешіттен шықпау міндеттеледі. Ішіп, жеу, ұйықтауы, қажет нәрселерін сатып алуы барлығы да мешіттің ішінде орындалады.

Иғтикаф құлшылыққа берілу мақсатында жасалады. Сондықтан иғтикаф кезінде жаман сөздер айтылмай, көбірек ғибадатқа, Құранға, хадиске, зікір, тәсбихтарға көңіл бөлу керек. Ал таза киініп, әдемі иіс себіну, жамағат көп келетін мешітті таңдау иғтикафтың әдебіне жатады.

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру