ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ

25 сәуір 2024 2030 0
Оқу режимі

Бүгінгі таңда қоғамымызда кереғар діни ағымдар ел аумағында таралып, оларды жақтаушыларының қарасы  көбейгені белгілі.  Олар өздерінің адасқандарымен қоймай өзгелерді де адастырып жүргендігі ағым мүшелерімен түсіндіру жұмыстары барысында расталып отыр. Сондықтан, ел аумағында қауіпсіздікті сақтау мақсатында діни ахуалды зерттеу, әлемдік деңгейдегі жинақталған тәжірибе мен ең өзекті мәселеге байланысты елімізде  түсіндіру жұмысын жүргізу қолға алынған. Мұндай жұмыстарды қазіргі таңда дін саласымен айналысатын мемлекеттік мекемелер мен діни бірлестіктер атқаруда.

Басты бағыт алдын алу шаралары, түсіндіру жұмысын жүргізу. Уақыт өткен сайын діни ұғымдар мен оған берілетін түсіндірмелер де өзгеретіндігі белгілі жағдай. Мысалы, өткен ғасырларда айтылған насихат жұмыстарын бүгінгі жаһандану дәуіріндегі жетістіктермен байланыстырып түсіндіру жұмыстары. Бұл жерде дін қағидаларын бұрмалауларға жол бермеу керек. Біз өткен ғасырларда айтылған түсінікпен түсіндіретін болсақ, халыққа дұрыс жетпей жаппай діни білімсіздікке алып келуі мүмкін. Ал, діни білімсіздіктің алдын алу – кезек күттірмес мәселе. Атап айтқанда, ағартушылық жұмыстарға басты назарға алынып, осы бағытта жұмыс жасауымыз керек.

Елімізде қазіргі уақытта БАҚ және интернет-контентке күнделікті мониторинг жасалып отыр. Мәселен, Сирия соғысына өз еркімен кеткен қазақстандық азаматтардың біраз бөлігі ғаламтордағы теріс пиғылды ағым мүшелерінің арбауына түскендігі анық. Жалған ағым адастырушылардың қармағына іліккендер отбасыларында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрге қарсы шығу белгілері  байқала бастағанда,  ата-аналардың біраз бөлігі осы жағдайларға көз жұма қарады. Соңына қарай балалары өзге елге аттанып, қару асынып, қантөгіске араласып, қылмыскер атанды. Діни сауатсыздықтың салдарынан олар ата-аналарының, туған-туыстарының көз жасына қараған жоқ, барлығын дін үшін жан пида мақсатында кете барды. Елі мен жерін тастап, жат ағымның жалауын желбіретіп, надандықтың, жалғандықтың, діни соқырлықтың құрбанына айналды.

Міне, осындай жағдайды болдырмауға еліміздің өңірлерінде ақпараттық насихаттау топтары және оңалту орталықтары, қоғамдық бірлестіктер мен діни бірлестіктерқазіргі уақытта жұмыла қызмет жасап жатыр. Діни экстремизмнің алдын алу аясында елімізде, оның ішінде, жастар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп, бұрынғыдан да жұмыс күшейді. Дін – нәзік және өзекті. Жастарға дінді дұрыс түсіндіруіміздің маңызы жоғары. Дін – рухани қазына деп білсек, қазіргі заманауи білім мен ғылымға негізделген дінді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Тәуелсіздік алған тұста жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғаны рас. Әрине өзге елден білім алған жастардың жан-жақты шыңдалуына үлкен тәжірибе екені жақсы. Десек те, дәл қазір діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды жағдай. Басқа елдің діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келіп  жалпы халыққа төтесінен тықпалау да дұрыс емес. Қазіргі уақытта  жастардың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тарапынан реттелуде. Тарқата айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін бірқатар талаптар қарастырылды. Келешекте Қазақстанда жоғары діни білім алған мамандар ғана шетелде діни білім ала алатын талап қойылады. Үкімет діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатындығына сенім артып отыр. Әсіредіншілдік мәселесімен күресте ең әуелі идеологиялық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде күресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани сана қалыптастыру көзделуде. Қазіргі заманда діни тұрақтылыққа қол жеткізген мемлекет қана даму жолына түсіп, қауіпсіздікке қол жеткізетіні уақыт талабы екенін еліміздің әр азаматы сезіне білуі керек. 

 

КОЖАГЕЛЬДИЕВ Бауржан,

 Астана қаласы

 «Діндерді зерттеу орталығының» теологы

 

 

Пікірлер Кіру