ДІНИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӨРТ МЕКТЕП

27 маусым 2024 1496 0
Оқу режимі

Ислам дінінде «Әһлу сүннет уәл-жамағат» болып есептелінетін ханафи, шафиғи, малики және ханбали деп аталатын төрт мәзһаб (діни-құқықтық мектеп) бар. Қоғамда ислам ілімінің ғылыми-теориялық негіздеріне, яғни, ақида (діни таным, сенім) мен фиқһ (амал, іс-әрекет) мәселелеріне деген қызығушылық  уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта елімізде көптеген еңбектер жарық көруде. Әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Елімізде орын алып отырған діни жағдай қазақ топырағында терең тамыр жайған дәстүрлі діндердің тарихын және олардың ерекшеліктерін талдауды әлі де болса қажет етеді.

Себебі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы ұлттық сана мен болмыстың қайта жаңғыруы діннің қоғамдық өмірдегі рөлінің артуына алып келді. Дін ұлттық бірегейліктің, рухани өрлеудің ажырамас атрибуты, құрамдас бөлігі ретінде қарастырыла бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай тың мәселелерді оқытатын және оқитын ешқандай діни оқу орындары немесе діни әдебиеттердің болмағаны рас.

Араб, Иран, Пәкістан және т.б елдерде білім алып қайтқан жастар сол жердегі діни білімдермен сусындап, сол жақтағы жергілікті халықтардың әдет-ғұрыптарына бейімделген ислам құндылықтарын қазақ топырағына таратуға талпынды. Осының барлығы елімізде діни түсініспеушіліктерге, халық арасында түрлі ислам атын жамылған ағымдарының таралуына алып келіп, бірлікке нұқсан келтіретін жағымсыз жайттардың көрініс беруіне себеп болды. Осы орайда, Қазақ халқының мәдениеті, өмір-салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде, діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сунниттік ханафи мәзһабының рөлі ерекше екендігін айтқымыз келеді.

2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңның преамбуласында «халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлін танитыны» атап көрсетілді. Расында қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі де орасан зор.

 Осы ретте, «Мемлекеттік жүйе мен қауіпсіздікті де қамтамасыз етуде, азаматтардың бәріне тең қарап, қоғамда әділеттілікті орнатып, мемлекеттің баяндылығын қамтамасыз етуде мәзһабтардың рөлі ерекше болған. Ислам мемлекетінің негізгі тұғырына айналды. Негізінде ислам тарихындағы мемлекеттердің ресми мәзһаб ұстанымдары құқықтық бірлік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шара еді әрі өзіндік пайдасын да тигізді» деп жазады бір мақаласында белгілі исламтанушы ғалым Алау Әділбаев.

Мәзһабтың маңызын (құқықтық мектептердің) қарастырудан алдын оның шығу тегіне, бастауына мән берген жөн. Араб тілінің сөздігінде «жүрілген жол» мағынасын білдіретін «мәзһаб» сөзінің терминдік мағынасы – ислам дінінде мүжтахид [1] деп қабыл етілген кісінің сенім (ақайд) мен амалда (фиқһ) білдірген көзқарастарын ұстанатын жол. Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар жеткізген ислам дінінің сенім және амалда кейбір мәселелерін дәлелдеп, одан үкім шығарып оларды түсінуде ғалымдар бір-бірінен өзгеше көзқарастар айтқан. Осыдан кейін құқықтық мектептердің көзқарас жиынтығын «мәзһаб» деп атаған [2].

«Мәзһаб» сөзі итиқади (сенімге), саяси және фиқһқа (амалға) байланысты көзқарастардың барлығына қолданылады. Бірақ саяси және итиқади мәзһабтарға «фырқа», «нихлә» сөздері көп қолданылуда. «Фырқа» сөзі «әртүрлі көзқарасты ұстанатын топтар» деген мағынаға келеді. «Нихлә» болса, «көзқарас», «сенім» деген мағынаны білдіреді. Ислам тарихындағы мәзһабтар үшке бөлінеді. Саяси, итиқади (сенімге байланысты) және фиқһи (амалға байланысты) мәзһабтар. Дегенмен қазіргі таңда халық «мәзһаб» сөзін көбіне фиқһ мәзһабтары үшін қолданылуда. Басқаша айтқанда діннің теориялық жағымен ақида (сенім) мазһабтары, практикалық жағымен фиқһ (құқықтық мектептер) мәзһабтары айналысады. Кезінде Мұхаммед пайғамбарға Жаратушы тарапынан тікелей уахи келіп тұрғандықтан ол кездері туындаған мәселелер тікелей Мұхаммед пайғамбарға ұсынылып, кез-келген мәселе жайында аят түсетін, не болмаса пайғамбар оны өз ижтиһадымен [3] (дәлелдерден үкім шығару жолы) шешетін.

 Кейін Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан бастап туындаған жаңа мәселелердің діни үкімін анықтауға мәжбүр болғандықтан сахабалар [4] Құран мен сүннеттің аясынан айырылмай ижтиһад жасауларына тура келген. Омар және тағы басқа сахабалардың көптеген ижтиһадтар жасағаны белгілі. Ал, сахабалардың кезеңінен кейін ортаға шыққан мәселелерді шешу мұқтаждығы онан сайын артты, әрі осы мәселелер мәзһабтардың туындауына себеп болды [5].

Бүкіл әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың шамамен 48 пайызға жуығы ханафи мәзһабында. Негізінен ханафи мәзһабын тоғызыншы ғасырдан бастап Үндістан, Қытай, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары ұстанады. Қазақ халқы ғасырлар бойы исламдағы сунниттік бағытты, соның ішінде амалда Ханафи мәзһабын, ақидада Матуридилікті ұстанған. Бүгінгі таңда ғалымдарымыз бен зиялы қауымның, тіпті қарапайым халықтың да осы Исламдағы діни-құқықтық мектептердің іліміне деген қызығушылығы мол. Еліміздегі мұсылмандардың ұстанып отырған ханифи құқықтық мектебі туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан және жекелеген теолог мамандардың еңбектері ғана жарық көруде.

Ханафи құқықтық мектебі басқа діни мектептерге қарағанда барынша толерантты, жергілікті әдет-ғұрып, салт-дәстүр заңдарымен санасады. Әлемдік қауымдастықта жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру және ұлттық ерекшелікті сақтау жолында ханафи мәзһабының діни мұрасы ерекше тарихи рөл атқарады. Ханафи мектебі шариғатқа қайшы келмейтін кез келген дәстүрімізді ұстануға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, Қазақ халқының көптеген дәстүрлері исламға дейін де болған, исламнан кейін де осы хақ діннің аясында жоғалмай сақталып келе жатыр. Сондай-ақ, ханафи мәзһабының өзге дін өкілдеріне деген байсалды ұстанымы арқылы елімізде мекендеген басқа діндегі тұрғындар да бейбіт өмір сүріп келеді. Ислам мемлекеттерінде Христиандар мен өзге де дін өкілдері ешбір қыспақсыз өз діндеріне сеніп, емін-еркін өмір сүргені тарихтан белгілі. Мәзһабтың осы бір құндылығын жамағатқа, жас буынға сіңіріп отыру өте маңызды. Сондықтан, ханафи мәзһабы – ең алдымен шариғи-діни амалдардың бір болуына, жат ағымдардан сақтауға, ел бірлігі мен ынтымағын сақтауға мүмкіндік беретін даңғыл жол.

Ханафи діни-құқықтық мектебі басқа да діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен ерекшеленеді. Исламдағы бір мәзһабта болу және оны ұстанудың ерекшелігі – халық біртұтас, бірлікшіл және ұйымшыл болады. Сан ғасырлардан бері Қазақстан мен Орталық Азия территориясында діни қақтығыстардың болмауының астарында ортақ мәзһабты ұстану қағидаты жатыр. Өйткені, құлшылық амалдарының бір болуы алауызшыл жат пиғылдың тууына жол бермейді. Алғашқы дүниетанымдық әрекеттердің қалыптаса бастаған кезінде ислам қоғамы жалпы сенім, ғибадат, саяси тұрғыдан алғанда тұрақтылық пен ауызбіршілікте болатын.

Ханафи мектебінің өміршең әдістемесі кез-келген мәселенің түйінін тарқатып, мұсылмандардың ғибадаттары мен басқа да амалдарын ислам рухына сай атқаруына мүмкіндік беретін сара жол қалдырды. Қазіргі таңда еліміздегі ханафи мәзһабының әлеуметтік маңызы уақыт өткен сайын ислам атын жамылған ағымдармен идеологиялық күресте бұрынғыдан да айқындалып, жүйеленіп келеді. «Дінді құндылық ретінде танып, оның лайықты бағасын бере алмасақ, жымысқы пиғылды жат күштер дінді құбыжық етіп көрсетуден тартынбайды. Әсілі, адамзат тарихына зер салсақ, діни алауыздық тудыру тенденциясының бағзыдан бар екеніне көз жеткіземіз.

 Дегенмен, үшінші мыңжылдықтың басында кейбір күштер Ислам дінін қаралау мақсатында адам қанын төгуге дейін баратын сұрқия ойындарды шімірікпестен ұйымдастыруда. Өкініштісі, діни сауаты жоқ азаматтар осындай қарақұйын қозғалыстың құрбанына айналуда. «Ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерлейтінін» ескерсек, қазақ қоғамында орын ала бастаған әсіредіншілдікті жасырмай, онымен белсенді күресуіміз керек деп білеміз», дейді белгілі ғалым Мұхан Исахан. Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау үшін, мемлекеттілігіміз баянды болуы үшін әсіредіншілдікке жол бермей, ішкі тұтастығымызды сақтауға мейлінше атсалысуымыз керек.  

 

Сілтемелер:

Құран мен сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шешу құқығына ие атақты ғалым.  Исламдағы діни-құқықтық жүйе, Астана: – Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, 2014. – 4. бет.

Құран мен сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шешу арқылы тұжырым жасау. Мұхаммед пайғамбарды көрген, аз уақыт болса да оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды өткендерді «сахаба» деп атайды. Ердоған Баш. Яхудилик, Христианлык ве Ислам. Станбул – 2004. 309 б.   

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ, дінтанушы-сарапшы

 

 

Пікірлер Кіру