ДІНДЕГІ ДОСТЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

28 мамыр 2024 1437 0
Оқу режимі

Қазіргі заманда нағыз  шынайы досты табу өте қиын. Ия, бізбен бірге түскі асқа, не болмаса киноға баратын адамдар көп бірақ, қиын кезде қол ұшын соза алатын достарымыз аз. Егер сенің жанында, уақытын, ақшасын немесе өмірін құрбан етуге дайын адамың бар болса, шынайы достық деген осы. Бұл өмірдегі өте құнды нәрсе, сондықтан оны қадірлеу керек.

Шынайы достық, шынайы махаббат сияқты, сирек кездеседі. Мен үшін достық дегеніміз – бұл адалдық пен сенімділік. Нағыз дос, жолдасына ешқашан опасыздық жасамайды, ол әрқашан оған жанқияр болады. Барлық адам сізден бас тартқанның өзінде, ол сізді ешқашан тастамайды және әрқашан қасыңыздан табылады. Шынайы достар шыншыл болады, жағымпаздық пен екіжүзділікке достар арасында орын жоқ. Шындық ащы болса да, оны жасырмай бетке айтады. Есіңізде болсын: достар – біздің айнамыз. Егер сіз адал болмасаңыз, өз досыңыздан адалдықты күтпеңіз!

Достық – адамдардың бір-біріне адал сенім артып, қалтқысыз қызмет етіп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын ортақ қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Алла адам баласын бір-біріне мұқтаж етіп жаратқан. Әрбір адамға қуанышы мен қайғысын бөлісетін, шерін тарқатып, мұңын шағатын, керегінде ойнап-күлетін, өмірде қиындық түскенде ақылын қосып, сырласатын дос керек. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдесетін, өмірі өкінішке толмас үшін өз көмегін беретін жан. Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі. Шынайы достың адам өмірінде  алар орны зор.

Ислам діні де дос таңдауда үлкен жауапкершілік пен маңыздылықты жүктейді. Дос туралы діннің негізінің бірі саналатын аяттар мен хадистер және де ұлт зиялыларының айтқан  мән-мағыналы нақыл сөздері жеткілікті. Пайғамбар (c.а.с.) «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, өз жақын достарыңның кім екеніне қарағын!» - дейді. Шынымен де адам баласының мінезінің қалыптасуына әсер беретін ұлы күш ол, араласатын досының әсері болмақ. Себебі адам жақын досының қасиеттерін өз бойына сіңіреді, рухани кемелденеді. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады.

Әл-Фараби нақыл сөзінде былай деген: «Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос, өз теңіңнің ішінен». Өміріңнің сапасына әрине тек сен ғана жауаптысың, сол өмірде серігің болар, сырласың болар досты сай таба білу керек. Қазақ айтады жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа.

Достықтың ең ұлы дәрежесі, хайырлысы, Алла үшін болған достық, яғни, ақыреттік дос. Бұл туралы  хадисте келеді «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге пайғамбарлар мен шәйіттер қызыға қарайтын нұрдан мінберлер бар» (Тирмизи). Алла үшін дос болудың бірден бір хикметі, бір-біріне жақсылықта жәрдемші болып, ал, қателіктен бірін-бірі қайтару. Бұл жайлы Пайғамбар (с.а.с) кезекті хадисінде:  «Бауырың залым болса да, мазлұм болса да оған жәрдем бер, дейді. Сонда сахабалар: ол мазлұм болып, әділетсіздікке ұшырап жатса жәрдем береміз. Ал залым болып, өзі әділетсіздік жасап жатқан адамға қандай жәрдем? Дегенде, оның әділетсіз әрекетін тоқтатуың оған жәрдемдескенің», - дейді (Бұхари). Өмір арнасы әр қашан жақсы жағынан жылжымайды, қиыншылық пен қайғы қатар келеді. Сол кезде жаныңнан табылар сенімді досың болмаса қиын. Қиналған сәтте қол ұшын көмек қолын созбайтын, тәкаппарлыққа салынатын достар да кездесерлік. Досы жаман адамның мінез-құлқы да соған сай өзгере бастайтыны анық. Бұл жайлы Абай Құнанбайұлы: «Жаман дос – көлеңке басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; басыңды бұлт алса іздеп таба алмайсың». Ал, таңдаған достары иманды, құлшылығы түгел, Алланы таныған жандардан болса, өзі де солармен бірге кемелдене түседі. Бойына ізгі жандардың игі қасиеттерін сіңіріп, таным-түсініктері дами бастайды. Міне, осылайша ол жаман қасиеттерден арылып, нәпсісін тізгіндеп үйренеді. Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, және шыншылдармен бірге болыңдар!»,-деген («Тәубе» сүресі 119-аят). Ізгі дос адамға дұрыс бағыт-бағдар беріп, тура жолды нұсқайды.  Ондай жандармен дос болу кез-келген жанның иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Мінез-құлқы көркейіп, рухани кемелденуіне себепкер болады.

Жақсымен жолдас болып өмірдің қиын сәттерінде бірге болып, өмірлік мақсат мұраттарға бірге жететін, шынайы жаны ашитын, дүниең үшін емес дінің үшін бірге болатын достармен бірге ғұмыр кешуді жазсын.

 

 

 

Е.Ештай 

Теолог маман

Маманы Раушан НАРБЕК

 

Пікірлер Кіру