ДІН ТАЗАСЫН ДІННЕН ІЗДЕ...

25 сәуір 2024 1405 0
Оқу режимі

Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде

Айда ақылды қаттырақ! (Шәкәрім Құдайбердіұлы).

Пайғамбардың (с.а.у.): «Ақырзаманда жасы кіші, ақылы әлсіз кейбір топтар шығады. Жақсы сөз айтады, Құран оқиды, бірақ оқтың садақтан атылғаны сияқты діннен шығады. Иманы тамағынан төмен түспейді».... (Бұхари, Мәнақиб, 25) - деген мағынада хадисінің мәніне қарасақ, қазіргі кездегі әсіре діншілдердің бейнесін көруге болады. Ислам ғалымдары бұлардың харижилер екендігін айтады.

Алайда, қазіргі дін ұстанушының иманы тамағынан төмен түспесе (яғни сөзі мен ісі сәйкес келмесе) бұл сөзді басқаға телудің қажеті қанша?!

Діндарлықтың қадірі төмендеп, дін десе есті азамат тұра қашатын (Шәкәрім) заманда дінге бет бұрып жатқан азаматтарымыз үшін шынайы діндарлық пен имандылық үлгісін кім көрсетеді?

Діннің сыртқы талаптары мен шарттары, құлшылықтары біздің ішімізге адамгершілік, ізгілік түрінде қашан кіреді?

 Қазіргі қоғамдағы діндар бейнесіне әсер ететін, шынайы діндарлық пен әсіре діншілдіктің арасын ажыратуға көмектесетін бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Алайда, бұл дәріс берумен, айтумен, жазумен қол жеткізетін деңгей емес. Біз, өзіміздің арамыздан шыққан ғұлама ойшылдармен, тақуа діндарлармен мақтанамыз, қазіргі дін адамын да солармен салыстыруға тырысамыз. Бірақ, олардың руханиятқа жеткен жолын саралап жатқанымыз шамалы. Біздегі діндарлық талабы әзірге сыртқы формадан аса алмай жүр. Радикалды топтардың басымдық беруімен тіпті қарапайым азаматтар да сол «діндар типін» сәнге айналдырғанын байқап жүрміз. Ал имандылығымен, адамгершілігімен, қайырымдылығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленетін діндар бейнесі әзірге әлсіз қалып тұр.

Сол себепті, діни-қағидалық біліммен қатар рухани-имандылық, адамгершілік тәрбиеге де баса көңіл бөлген дұрыс. Қысқасы, дінді тек қағидалар жиынтығы ретінде ұстану жеткіліксіз, ол қағидалар мен рәсімдер адамның рухани қалыптасуының қозғаушысы болуы тиіс. Ихсанға қадам сонда басталады. Оны да ақылмен, пайыммен, түйсікпен, ар-ұжданмен сезбек керек. Әйтпесе бос!

 

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру