БҮЙРЕК СЫБАҒА

30 қаңтар 2024 1922 0
Оқу режимі

Қазір мүлде ұмытылған, ертеде ел ішінде болған салттың бірі - "бүйрек сыбаға" деп аталған.

Бұл салт тікелей жас балаларға арналған.

"Дастарқаны қазақтың - бөлінбеген еншісі" дейтін дала қағидасын берік ұстанған ата-бабамыз барын басқамен бөлісуді өзіне парыздай санаған. Айтайық, қысқы соғым кезінде жасы үлкен жақындарға, ел қадірлеген ақсақалға сыбаға жіберу, соғым басына бауыр-туыс, дос-жаранды шақырып

дәм татқызу - ертеден қалыптасқан ежелгі дәстүр. Татулық, сыйластыққа дәнекер болатын мұндай жақсы дәстүр тек үлкендерді ғана емес,

жас балаларды да елеп-ескерген екен.

Соғым иесі дос адамның не аралас-құралас отырған көршісінің баласына соғымның бүйрек-жүрегіне ет араластырып сыбаға жіберді. Мұның өзі баланың көңілін көтеріп, мерейін өсіріп, жағымды әсер береді екен, өйткені жеке сыбаға атап құрметтеп тұр. Қарапайым, бірақ ынтымақ-бірлігі нығайта түсетін мәні бар тәрбие үлгісі екен.

"Бүйрек сыбаға" деп кейде жай ғана "бүйрек" дейтін салтты күні бүгінге дейін ұмытпай жүргенім - анамның жыл сайын соғым кезінде көрші-көлемнің баласына сыбаға дайындайтынынан.

Бір жолы:

- Бұл не үшін керек? - деп сұрадым.

Сонда ол кісі:

- Бала деген бүгінгінің кішісі, ертеңгінің үлкені ғой. Солар жүректі, қайратты болып өссін, айналасына бүйрегі

бұрып тұратын жанашыр, мейірімді болсын, бабалардан қалған жәдігер рәсімдерді біліп жүрсін деген ақ ниетпен жасалады бұл дәстүр. Содан кейін бүйрек, жүрек деген еттеген де нәрлі, сіңімді, бала асқазанына ауырлық түсірмейтін жұғымды қоректер, - деп еді.

Құдайға шүкір, бүгінде шамасы келген қазақ соғым соймай қарап отырмайды. Соғым басына көңілі жетерлерді шақыру да - ізі суымай, сүрлеуі тапталмай келе жатқан кісілікті дәстүріміз.

Өзім үлкен

шаңырақтың қазанын

ұстап отырғандықтан мүмкіндігімше салт-дәстүрді ұстауға тырысамын. Десе де, ойға алғаным орындалмай көңіл шіркін ойсырап қалатын кез де болады. Сөзім нақты болуы үшін айтайын, баяғы анамнан көрген "бүйрек сыбағаны" жалғастырғым келіп, жастары менен әлдеқайда кіші болса да, көршінің екі баласына сыбаға апардым. Бұл салттың мән-мағынасын тәптіштеп түсіндірдім.

Өкінішке қарай, көрші келіншек:

"Ой, апай, біздің үйдің балалары мұндай нәрселерді жемейді, олар түгілі өзіміз де жемейміз", - деп қарап тұр. Қағылған қолымды қайта созып ұқтыруға құлшынбадым, шындығында, ары қарай сөзімді қор еткім келмеді. Тек санасы кемтар адамға қазақтың салтын ұсынғаныма өкіндім..

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру