БҰҚАРЕКЕҢ СӨЙЛЕПТІ, СӨЙЛЕГЕНДЕ БҮЙ ДЕПТІ...

14 ақпан 2025 323 0
Оқу режимі

Бұқар бидің енді бір бітімгерлік билігі «Садыр, қайда барасың?» толғауында көрініс тапқан. Халықтың айтуына қарағанда бұл оқиға былай болыпты:

Найманның Матай атасынан шыққан Садыр батыр ертеректе өзінің он мыңдай түтін ағайын, туыстарымен Қаратау баурайына қыстап, жайлап тіршілік етеді екен. Сол Садыр батыр қайтыс болғанда сүйегі Қаратаудың күнгей жағындағы Боралдай өзенінің бойына қойылды. «Садыр Мүрде» деген бейіт-оба әлі де бар. Сол Садыр батырдың ұрпақтары кейінірек бір құрғақшылық жылы Арқа жаққа Арғындар еліне қоныс аударады. Ол көші–қонды Садыр руының Жұмарт деген батыры бастап барады. Арғындар оларға қоныс бермей Ұлытау жаққа ығыстырады. Осы арада ерегіс, қақтығыс боп, екі жақтан да адам шығындалады. Сол соғыста Садырдың Жұмарт батыры Арғынның Ақмырза деген батырын мерт қылады. Осы оқиғадан кейін Садыр ауылы қайтадан оңтүстікке қарай үдере көшеді. Сөйтіп, олар Қаратаудан асып Үлкен тұра, Кіші тұра тауларының төңірегін қыстап, жазда Талас, Боралдай өзендерінің аралығын жайлап жүреді. Шығыстан шүршіттер қара құрымдай қаптап келеді деген хабармен олар Әндіжан, Қоқанға өтіп кетпек болады. Өйткені ертеде Жоңғар шапқыншылығы кезінде Матайдың жартысы сол жақты мекендеп қалып қойған-ды. Жұмарт батыр бастаған Садыр елі соған барып қосылмақ еді.

Осы хабарды естіген Абылай хан оларға Бөгенбай мен Сырымбет батырларын басшы етіп сарбаздарын жұмсап, Садыр көшінің бетін қайтармақ, егерде қайтпаса күшпен көндірмек болады. Ханның бұл бұйрығын Бұқар би қостамайды:

- Сабыр ет, хан ием! – депті Бұқар жырау Абылайға. - Садыр өз құзырыңыздағы ел. Егер ол ел біріншіден, Ақмырзаның құнын даулайтын Арғындардан, екіншіден, шүршіттерден үркіп қашса, не шара?! Олар бізге жау емес қой, өз бас қамдарын жасағалы жүрген ел емес пе? Оған бола қос батырыңды жұмсап, қол аттандырудың не қажеті бар? Ол Садырдың бетін мен-ақ қайтарып келейін. Қасыма он жігіт қосып беріңіз.

Бұқар би осылай дегенде Абылай хан ашуын басып, сабасына түсіпті. Сонымен Бұқар би он жігітті ертіп, Садыр  көшінің ізіне түседі. Бұл кезде олар Сарысу бойын жағалап барады екен. Бұқар қуып жетіп, көш бастап бара жатқан батырына жолығып былайша толғапты:

Садыр, қайда барасың,

Сарысуды көбелеп?

Сен қашсаң да мен қойман,

Арғымағым жебелеп.

Енді алдыңнан шығайын,

Қар, жаңбырдай себелеп.

Ақмырзаны өлтірдің,

Ақ сойылмен төбелеп.

Уа,сен танымай кетіп барасың,

Мен Арғын деген арыспын.

Азуы кере қарыспын,

Сен бұзау терісі шөнтіксің.

Мен өгіз терісі талыспын.

Абылай алдында сен бітсең,

Құдандалы таныспын.

Абылай алдында бітпесең,

Атасын білмес алыспын.

Көшің кетер бір жаққа,

Малың кетер бір жаққа,

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол жақта.

Жар басына қамалып,

Жарты лашық тігерсің.

Аузыңнан ас кетер,

Бұл қылығың қоймасаң,

Сонау кеудедегі,

Дулығалы бас кетер!

***

Ел аузында Абылай түс көріпті. Оны Бұқарға жорытыпты деген аңыз бар. Осы түсте Абылайдың бүкіл қазақ даласына хан сайланатыны, оның күрес жолдары, үрім-бұтағы, яғни бар өмірі баян етілген. Сондағы Бұқардың түс жоруы былай екен:

  • Түнде түс көрдім,- дейді Абылай. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім бұтағым. Уәлиден тараған бір үрім бұтағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға! - деді қатты толқу үстінде отырған хан.

Бұқар біраз тұнжырап отырды да, біраздан соң:

  • Түс жору түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін.
  • Сөйлеңіз көмекей әулие,- дейді Абылай.
  • Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, үш бірдей топ таласып жатса тағыңа ие болғанмен, халқыңа ие бола алмайды екенсің.

Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтыламын дегенің – еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің. Ал аяқ жағында тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан тараған бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан шыққан бір ұрпағың атын майданда қалдырады екен,- депті.

  • Сонда мен өзім қайда қаламын, - депті Абылай. Оған жырау:
  • Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың,-деген екен.​

***

Бұқар жырау бір жолы көрші ауылдың тойына шақырылыпты. Ол тойға оның Ақан,Төбет деген ағайындары да барыпты. Бұл кезде жыраудың жасы алпыстан асып, өзі тұрмыс  тауқыметінен жүдеңкіреп жүрсе керек. Тойда Бұқар көп өлең, жыр айтып, тыңдаушысын риза етіпті. Сөз арасында Төбет пен Ақанның да байлығын мақтап қояды. Той тарқайды. Жұрт ауылдарына қайтады. Осы кезде Бұқар әлгі екі бай ағайыннан бір жаз мінуге ат майын сұрайды. Ақан мен Төбет: «Жарайды, келер жылы жазда ауылға бір соғарсыз» деп жүріп кетеді. Сол айтқан уәде бойынша келесі жылы Бұқар екі байдың ауылына барады. Бұқардың келетінін біліп ол ағайындары «Бұқар келсе осыны беріп қайтарайық» деп керегенің басына екі кез бөз мата қыстырып қояды. Олардың бұл сараңдығын Бұқар жолшыбай елден есітеді. Бұқар жырау Ақанның үйіне кіріп барса, керегенің басында ілулі тұрған бөзге көзі түседі. Сонда ол былай деп термелепті:

Бұқарекең біз келдік,

Ақан,Төбет байларға.

Бесті берсең семіз бер,

Жаздай Бұқар жайларға.

Бермеймін деп атама,

Асауыңды матама,

Шылбырынан берік тартсам,

Шамырқанып шамданып,

Шалқасынан жата ма?

Алпыстағы Бұқардың

Сілесі құрып қата ма?

Құлдарың мен күндерің

Мерекеге бата ма?

Келіп едім өзіңе,

Түнеугі айтқан сөзіңе,

Тіпті разы болмаймын,

Керегенің басында,

Екі қары бөзіңе,

Бермей қалсаң осы жол,

Жолықпаймын деп ойлама,

Жортуылшы ердің кезіне!

                                                                                                                          

 

Пікірлер Кіру