БҰҚАРЕКЕҢ БҮЙ ДЕПТІ...

1710 жылғы Қарақұм мәлихаты Бұқар өміріндегі, жалпы қазақ тіршілігіндегі үлкен бет бұрыс болды. Осы жиында қазақ әскербасы сардар деп Қанжығалы қарт Бөгенбайды сайлайды. Оның қол астына үш жүздің жиналған әскері бұдан былай толық бағынатын болды. Сұлтандардан осы мәслихатта көзге түскені Әбілқайыр еді. Бөлекей – Қоян тұқымынан қазақ сұлтандарының ішіндегі айлалысы осы. Қайыптан кейінгі көрнектісі ол орда сұлтаны деген атақ алды.
Бұқар Қарақұм мәслихатынан көтеріңкі көңілмен қайтты, маңайындағы қолпаштаған азаматтар қоймаған соң:
- Е,біле білсең, қазағым тарихтан жойылмайтын сабақ алдың, арыстаныңның барында азуыңды айға біледің, - деп мына толғауды жырлап кетті:
Айтар болсаң, Алланы айт,
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молланы айт.
Өз жынысының ішінде.
Дауысы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна,
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па.
Ақ сұңқар құстың баласы,
Ұяда алтау болмас па,
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреуі алғыр болмас па?!
Алғырынның белгісі,
Ұзақтан жемді ілмес пе.
Бірге туған ұялмас,
Бізге сауға демес пе.
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе.
Сөйтіп жүрген кезінде,
Қанаты түптей қайрылса,
Құс жаманы жапалақ
Оған да қор болмас па.
Адамзаттың баласы,
Атадан алтау тумас па.
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па?!
Арыстанның барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да, толғай дәурен сүрмес пе?!
Сөйтіп жүрген кезінде,
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел ішіне жау келсе
Өтініп оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір де, құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар,
Бас-басына тозбас па?
Абылай жетпіске келіп, ауру меңдеп, дүниеден аттанайын деп жатқанында Бұқар жырауды шақыртыпты. Жырау келіп:
- Не арман тілегің бар? - десе керек. Абылай қариямен бақылдасып болып, үш арманын айтқан екен:
- Қан көп төгілді. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін болды. Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым. Елдің басы бірікпеді, тентегі – тебісі көп болды, - депті.
***
Хан сайланып, ел билігін қолына алғаннан кейін, Абылайға ең зор қауіп – Ресей мемлекеті болады, оны Абылай ғана емес, барлық халық, әсіресе, халық данасы – Бұқар жырау жақсы біледі. Оған Бұқардың мына жыры айғақ. Бір күні Абылай хан Бұқардан:
- «Арқар» - Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтардың ұраны, Абылай – Шыңғыс ханның ұрпағы. Мақаржа – Ресейдегі Нижний Новгород қаласы. Асан қайғы «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» - депті. Сол не сөз? Қилы-қилы заман не? Қарағай басын шортан қалай шалады?» деп сұрапты.
Сонда Бұқар былай деп жырлайды:
Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап сөйлесем
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай!
Қайғылы мұндай хабарды,
Сұрамасаң нетеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң:
Қарағай - судан қашып,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан суға шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама «шортан ұшпас» деп
«Қарағайға шықпас» деп:
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Күншығысқа қарайды
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес - діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Осы сынды бір кәпір!
Аузы-басы жүн кәпір.
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды!
Еліңді алар қолыңнан
Әскер қылар ұлыңнан,
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда,
Теңдік тимес құлыңнан
Бұл айтқан сөз, Абылай,
Болмай қалмас артыңнан
Естісең міне, қартыңнан...
***
Абылай хан соңғы соғыстарының бірінде көп қолмен Қалба тауына келгенде, елдің етекке түскен шағы екен. Торғауыттың Тарбағатайдың солтүстігі – Ласты–Шорға бойында, қалмақ руларының Тарбағатайдың оңтүстігі – Үржар, Еміл бойында отырғанынан хабар алыпты. Қай шеттен тиіп, қай жақтан шабу керек деп игі жақсыларымен кеңес құрғанда, әскер басылардан Қабанбай мен Бөгенбай екеуі екі түрлі пікір айтыпты. Бөгенбай:«Тарбағатайды асып барып, Үржар, Еміл бойындағы қалмақты шабамыз. Ласты-Шорғадағы торғауыт елдің шеті, біз жақ беті болғандықтан, аты дайын, адамы сай, сергек отырған ел. Біздің аттағанымызды біліп, етекке ерте түсіп отырған Торғауытты шабамыз деп әскерді шығындатамыз, жағдайдан ұттырамыз, алыстағы ел бейғам болады. Аңдаусызда барып бассақ қарсыласуға мұршасы келмей қалады, олжалы болып қайтамыз» - дейді. Қабанбай: «Олай емес, жақын жердегі Ласты–Шорғаға барамыз, ондағы елді аламыз. Алысқа аттансақ, ат ариды, азық таусылады, ғаскер шаршайды. Егер торғауыт аттанған ізімізді біліп қалса, ілгергі елге хабар беріп, өздері артымыздан тосады, ортада қалып шығынданамыз» - дейді.
Абылай хан екі батырының қайсысының пікірін жақтауды біле алмай, «мұның төрелігін сен айт» - деп Бұқар жырауға ымдапты. Бұқар жырау Қабанбайдың ұсынысын қуаттап, мына тақпақты айтып жырлапты:
Сен, Абылай, Абылай,
Түркістаннан келген ұл едің.
Онан бері келген соң,
Ұлы жүзде Төленің
Түйесін жайған құл едің.
Дәулет қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алтын тұғырға қонып,
Ақсұңқардай түледің,
Алыстан тоят тіледің.
Сен қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымың кеппес ұры едің,
Түн қатып және жүр едің,
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қашан сен жауға тіредің?! – деп, Қабанбайдың пікірін қуаттапты. Сонымен, Ласты-Шорғадағы торғауытты шауып, бірталай шығын болса да олжалы қайтыпты.
***
Абылайдың көші аттанғанда Бұқар жетімсіреп жылап қалды. Қоштасарда бір-бірінен кешу өтініп көп отырды...
- Қош, хан ием, - деді Бұқар, - жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын. Басыңдағы бағың,бауырындағы құтың өзіңмен кетпегей, еліңде қалсын. Есіл Абылай Сарыарқаны кімге тастадың, сенің аруағың қорғамаса бұл жерге кім араша тұра алады? Қайран Сарыарқа қазаққа бұйырмай тұр ма едің? - деп Бұқар үш күн, үш түн жылады.
Қазақтың басынан бақ құсы ұшты ма, құты қашты ма деп қайғырды Ұлы жырау. Төртінші күні Ұлы жырау өзінің жанашыр туыс-жақын, ат жетер жердегі жолдасын түгел жинады. 97-ге келген қария төрдегі сүйектелген ағаш төсекте ұзынынан жатыр. Онсыз да бойшаң жырау бұл қалпында өте ұзын көрінеді. Маңайындағы күтушілерінен далаға алып шығыңдар деп өтініш жасады. Күздің қара суығында далаға шыққаныңыз не дегендеріне болған жоқ шықты. Сұрғылт аспаннан сыр аңдағандай қарт жырау көкке көп үңілді – сәуе көргені ме, Тәңірімен тілдескені ме, әлде жырау рухы жеті қат көкті шарлап соны қайтара алмай тұр ма?! Бір уақыттарда сұлық қалпына жан бітіп жырау ерні бір дұғаны күбірлегендей:
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін қоймас адамзат!
Жырау созалаң қимылмен қарсы беткейдегі қарағанды дөңді нұсқады. Қоғадай жапырылып сол тұсқа көз тіккен жақындарына қарап:
Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап Әзіреті сұлтанға апарып қоймаңдар. Қыс ішінде әуре болып қарбаласқа түспеңдер. Маған осы Сарыарқаның төсінің топырағы бұйырсын. Әйтпесе елдің құты қашады, ырысың кетеді. Басыма қорған тас үйіңдер, әспеттеп бейіт көтермеңдер. Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделі Байсыны – осы жер, - деді.