БҰҚАР ЖЫРАУДАН БІРЕР СӨЗ

05 қазан 2023 2468 0
Оқу режимі

Қаржас Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы  сыншылар ол кісіні «көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлауменен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:

·                 Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың, - деп.

Абылай хан бір жаққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып, айдың, күннің сәтін сұрайды екен. Сонда Бұқарекең:

·                 Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып пәлен жаққа қарай шабынды- дейді екен. Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер Сары бура келіп туыңның түбінде шөгіп, мойнын салып жатып алды -  десе, аттанбайды екен.

   

***

                                                                                                                   

...Сопы үшін бүкіл тіршілік: сылдырап аққан су, жасыл жапырақ, мызғымас қара тас – бәріне Алланың елесі түскен. Ахмет Яссауидың басына үш сатыланған тас қойылған екен. Тастың беті гүл десте ою. Ахмет Яссауи күмбезінің ішінде Бұқарды тәнті қылған бір нәрсе, ол - ескі кітапхана, әдейі мешітке арнап салынған  көрінеді. Ішінде қасиетті кітап - Құранның Орта Азиядағы ең көне көшірмелерінің бірі бар екен. Осыншама байлықтың иесі қаушиған кәрі шайқы кітапты Бұқарға ұстатпас бұрын қисынын келтіріп  бірнеше  сұрақ берді. Әдейі сынамаққа жасалған сыңай бар:

·                 Пақыр мақамы сегіз болар дүр, жас жігіт, - деді кітапханашы.

·                 Иә, бірәдәр, - деді Бұқар да, - сегіз болар: әуелі – тәуба, екіншісі – ғибадат, үшіншісі -  махаббат, төртіншісі - сабыр, бесіншісі – шүкірлік, алтыншысы – ырзалық, жетіншісі – таза ғарифлық, сегізіншісі – имандылық. Әуелгісі – Адам ғалайссаламнан қалды, шүкір және махаббат ғазіреті Ибраһимнен қалды, сабырлық – Аюп ғалайссаламнан қалды, сыпайылық, разылық ғазіреті Мұсадан қалды, ғарифтік ғазіреті Мұстафа сали Алла Ғалеихі уассаламнан қалды,- деп тақпақтай жөнелгенде кәрі ғұлама ырза болып батасын берді.

                                                                                                                       

​***

Бір жолы атақты Абылай хан өзінің батыр, билерін жинап алып Россия патшалығының қазақ еліне қарсы басқыншылық әрекетіне тойтарыс беруді ойластырды: Ары айтып, бері айтып келіп ақырында орыспен «соғысамыз» деген шешімге келеді. Бұған ханның беделді бас биі Бұқар жырау қарсы шығады. Осы арада айтыс, тартыс, егес басталады. Бұқар би қазақ сарбаздарының соғыс қаруымен жасақталған орыс әскерінің  тегеурінді шабуылына төтеп бере алмайтынын дәлелдейді. Халық набыт болады, жерімізден, елімізден айрылып қаламыз. Тілімді алыңдар, орыспен соғыспайық, оған айла, тәсіл қолданайық,- деп ақыл береді.

Айбынды, айбатты Абылай хан Бұқардың бұл ақылына да көне қоймайды. Ал, Бөгенбай батыр болса, соғысамыз деп отырып алады. Сонда ашу, ыза үстінде жасы тоқсаннан асқан би аға Бұқар жырау Абылай ханға мына бір кесімді билігін айтыпты.

Ал тілімді алмасаң,

Ай, Абылай, Абылай!

Мен сені көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет патшаға,

Қызметкер болып тұр едің.

Қалтақтап жүріп күнелтіп,

Үйсін Төле бидің,

Түйесін баққан құл едің,

Сен жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде,

Ақ сұңқар құстай түледің.

Дәулет құсы қонды басыңа,

Қыдыр келді қасыңа,

Бақ үйіне түнедің.

Алыстан тоят тіледің.

Қылышыңды тасқа біледің,

Алмаған жауың қоймадың,

Алған сайын тоймадың,

Несібеңді жаттан тіледің...

...Абылай-ау, Абылай!

Момынға келіп бек болдың.

Атаңды білмес құл едің,

Атаңның тегін сұрасаң,

Арқар ұранды жат едің.

Қай жеріңде төре едің?

Арсы менен Құзарда,

Жалаң аяқ жар кешіп,

Бөз тоқыған сарт едің.

Шешеңді және сұрасаң,

Қайда алтынның буы еді?

Оны да мен білуші ем.

Түрікпеннің төрінде,

Қашып жүріп күнелткен,

Қара күң еді.

Жұлдызың туды-ау оңыңнан,

Жан біткен еріп соңыңнан.

Он сан алаш баласын,

Аузыңа құдай қаратып,

Жусатып тағы өргізіп,

Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.

Ақтан болды-ау күніңіз,

Арсы менен Күрсіге,

Дау-таласты үніңіз.

Өзің болған күніңде,

Бір көшке сыймайды,

Азаткерде құлыңыз.

Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба.

Күнінде мендей жырлайтын,

Тоқсан үште қария,

Енді саған табылмас.

                                                                                   

Пікірлер Кіру