БҰХАР ЖЫРАУДЫҢ ТОЛҒАУЛАРЫ

21 қыркүйек 2023 5485 0
Оқу режимі

Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз,

Жарлы байға тең келіп,

Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.

Жалғызды жалғыз демеңіз,

Жалғыз көпке теңеліп,

Бір жаһанда соғысып,

Кегін алмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз.

Қурай бітпес құба жон

Құлан жортпас демеңіз.

Құрсағы жуан боз бие

Құлын салмас демеңіз.

Қулық туған құлаша

Құрсақтанбас демеңіз.

Қу таяқты кедейге

Дәулет бітпес демеңіз.

***

Айтар болсаң Алланы айт,

Таңертең азан шақырған,

Дауысы сұлу молланы айт.

Өз жынысының ішінде

Дауысы ащы тырнаны айт.

Тауық жүнді таз тырна

Тақыршақ жерге қонбас па,

Таралып жүні қалмас па.

Ақ сұңқар құстың баласы

Ұяда алтау болмас па.

Ұяда алтау болғанмен,

Оның ішінде біреу-ақ алғыр болмас па.

Алғырының белгісі

Ұзақтан жемді ілмес пе.

Бірге туған ұялас

Бізге сауға демес пе.

Өзі аштан өлсе де,

Айырып жемін бермес пе.

Сөйтіп жүрген кезінде,

Алғырынан айрылса,

Қанаты түптен қайрылса,

Құс жаманы жапалақ

Оған да қор болмас па.

Адамзаттың баласы

Атадан алтау тумас па.

Атадан алтау туғанмен,

Оның ішінде біреуі арыстан болмас па.

Арыстанының барында

Жорғасы болса мінісіп,

Торқасы болса киісіп,

Толғамалы қамшы алып,

Толғай да толғай дәурен сүрмес пе.

Сөйтіп жүрген кезінде,

Арыстаннан айрылса,

Қанаты түптен қайрылса,

Ел ішіне жау келсе,

Өтініп оны ала алмай,

Алдына келген жақсының

Қадірін оның біле алмай,

Қадір-құрмет қыла алмай,

Артында қалған жамандар

Бас- басына тозбас па?!

***

Ай, айтамын, айтамын,

Мінген  атың айтамын.

Құлында емген, тайда емген,

Құнанында арда емген.

Дөненінде үйреткен,

Жібектен арқан сүйреткен.

Бестісінде белі күшті болсын деп,

Бес байталға салдырған.

Алтысында аттай мұрнын танатқан,

Жетісінде жетіп құлан шалдырған.

Сегізінде серке сан деп атанған,

Тоғызында тола семірген,

Онында оқ жыландай қарғыған,

Ойнай басқан аяқтым,

От орындай тұяқтым,

Қиғаш қамыс құлақтым,

Саптыаяқтай еріндім,

Сарымсақтай азулым.

Сауырсын кере жараған,

Кекілін қыздай тараған,

Тостаған көзді торыны

Топ тарқамай мінсене,

Еліңнің қамын жесене.

Есіліп кеңес айт сана,

Айта да айта кетсін жұртына.

Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.

Еш келмеді қыртыңа,

Кең Абылай, кең аям,

Шұбар ағаш құба жон

Мекен еткен шөлде, аям,

Телі менен тентегің

Иіліп алдыңа келді, аям!

***

Ақ сары атан еспелі,

Ел жайлауға шыққан жұрт.

Ақтың жолын күзетпей,

Жамандықты тұтқан жұрт.

Мамырасып, бай болып,

Байсал тауып жортқан жұрт.

Хан жарлығын алмады,

Ханға тізгін салмады.

Баяғыдай баршындап,

Бір ауызды болмады,

Қас тұрпайы болған жұрт.

***

Ақсаңнан биік тау болмас,

Бауырынан қашқан күзен көрінбес.

Ақшам батпай түн шықпас,

Ажал жетпей жан шықпас.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Етекті кессе жең болмас.

Қараша торғай қаз болмас,

Шағала келмей жаз болмас,

Шаңқан болмай боз болмас,

Іштен қыңыр туғанды

Тезге салсаң түзелмес.

Қара қойдың терісін

Сабындап жусаң ағармас.

Қалған көңіл табылмас,

Өзіңнен тумай ұл болмас.

Сатып алмай құл болмас.

Құм жиылып тас болмас,

Құл жиылып бас болмас.

Екі жақсы дос болмас,

Дос болса түбі бос болмас.

***

Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

Берем деген құтылмас,

Берік байлаған шешілмес.

Қазулы жолдар көмілмес,

Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда,

Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес.

***

Ал, тілімді алмасаң,

Ей, Абылай, Абылай!

Сені мен көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет патшаға

Қызметші болып тұр едің,

Сен қай жерде жүріп жетіктің?

Үйсін Төле билердің

Түйесін баққан құл едің.

Сен жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде

Ақ сұңқар құстай түледің.

Дәулет құсы қонды басыңа,

Қыдыр келді қасыңа.

Бақ үйіне түнедің,

Алыстан тоят тіледің,

Қылышыңды тасқа біледің.

Алмаған жауың қоймадың,

Алғанменен тоймадың,

Несібеңді елден тіледің.

Сен қанжығалы Бөгембай,

Тақымы кеппес ұры едің,

Түн қатып және жүр едің.

Қабанбайдан бұрын найзаңды

Қашан жауға тіредің?

Абылай –ау, Абылай,

Момынға келіп бек болдың,

Атаңды білмес құл едің,

Атаңның тегін сұрасаң,

Арқар ұранды жат едің,

Қай жеріңде төре едің?

Қаршы менен Құзарда

Жалаң аяқ жар кешіп,

Бөз тоқыған сарт едің.

Шешеңді және сұрасаң,

Қай алтынның буы еді,

Оны да мен білуші ем.

Түрікпеннің төрінде

Қашып жүріп күнелткен күң еді.

Жұлдызың туды-ау оңыңнан,

Жан біткен еріп соңыңнан.

Он сан Алаш баласын

Аузыңа құдай қаратып,

Жусатып және өргізіп,

Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.

Ақтан болды –ау күніңіз,

Арсы менен Күрсіге

Дау-таласты үніңіз.

Өзің болған күніңде,

Бір көшке сыймайды

Азаткерде құлыңыз.

Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба.

Күнінде мендей жырлайтын,

Тоқсан үште қария

Енді саған табылмас!

***

Алыстан қызыл көрінсе,

Манат емей немене.

Көтеріліп ұшқан соң,

Қанат емей немене.

Екі жақсы бас қосса,

Санат емей немене.

Қамшылатып жүгірген,

Шабан емей немене.

Айтқан сөзге түспеген,

Жаман емей немене.

Сұрағанда бермеген,

Сараң емей немене.

Кісі ақысын көп жеген,

Арам емей немене.

Іштегі сыр Аллаға мағлұм,

Сыртындағы қулығы,

Амал емей немене.

Сусағанда берген су

Шекер емей немене.

Һимматсізге*  біткен мал,

Бекер емей немене​

           * һимматсіз – пейілсіз  деген  ұғымды  білдіреді​

***

Арту-арту бел келсе,

Атан тартар бүгіліп.

Алыстан қара көрінсе,

Арғымақ шабар тігіліп.

Алыстан жанжал сөз келсе,

Азулы сөйлер жүгініп.

***

Асқар таудың өлгені,-

Басын мұнар шалғаны.

Көктегі бұлттың өлгені,-

Аса алмай таудан қалғаны.

Ай мен күннің өлгені,-

Еңкейіп барып батқаны.

Айдын шалқар өлгені,-

Мұз болып тастай қатқаны.

Қара жердің өлгені,-

Қар астында қалғаны.

Өлмегенде не өлмейді,

Әлімнің хаты өлмейді
***

Атам болған жиырма бес,

Қызықты күнде қыздырған,

Асуды талқан бұздырған,

Қызды ауылды көргенде,

Бұлаңдатқан жиырма бес.

Төстен қашқан түлкідей

Сылаңдатқан жиырма бес.

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінген жиырма бес.

Күрек тісін қасқайтып,

Сұлуды құшқан жиырма бес.

Іздесең де табылмас,

Кәрілік шіркін не қылмас.

Аяғыңды баса алмай,

Келін – бала келгенде,

Ауызыңды аша алмай,

Уақыттың ісі қиын-ды.

Уақытымыз жеткен соң,

Айтып-айтпай немене,

Мезгіліміз өткен соң.

Жайнап тұрған қызыл шоқ

Су құйылып өшкен соң.

Жайнап жүрген заманым,

Басымнан бүйтіп көшкен соң.

Уақытым жоқ, не айтайын,

Уақытым менің өткен соң.

Уақытымның өткені,

Мезгілімнің жеткені,

Қатты тамақ шайнарға

Мен пақырда тіс бар ма?

Арыстандай ақыруға

Бәдәнімде күш бар ма?

 

Пікірлер Кіру