БІР МӘТЕЛДІҢ МӘНІ

03 мамыр 2024 1614 0
Оқу режимі

«Бала – белде, қатын – жолда». Осындай бастапқы мәні өзгерген мәтел бар. Алайда бұл мәтелден ұрпақ иесінің ер адам екендігін түйсінуге болады. Демек, өз ұрпағын өмірге әкелетін, яғни туатын ер адам. Оның үстіне адамзат ұрпағының ер адамда болатындығын бүгінгі ғылым да жоққа шығармайды. Сол түсінік қазақы ұғымда «бала – белде» деу арқылы бекітілген. Ал қатын, көшеде кездейсоқ кездестіре салатын көп әйелдің бірі емес. Ол – дәреже, ол – абырой, ол – мансап. Қатындық деңгейге көтерілу – екі әйелдің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Сондықтан оны нәсіп болса жолда кездестіреміз. Мұндағы тілге тиек етіліп отырған жол – өмір.

Сонымен, баланы белде дедік. Ал сол ер адам туатын белдегі баланы өмірге әкелетін ананың аты – қатын делінді. Ер адам өз бойында сақтаған өмірінің жалғасын әйел затының асылы болған қатынға ғана сеніп тапсырады. Аналық болмысқа ие ол қатын ер адам сенімін ақтап, оның ұрпағын өмірге әкеледі. Сондықтан да ол ана делінеді. Сол сияқты жер де ана. Ол да өзіне егілген өнімді өндіріп шығарады. Алайда жердің де жері бар. Құмшауыт, тастақ жер өнім бермейді. Бірақ жер атына ие. Дегенмен құнарлы жердің орны бөлек. Әлгі мәртебелі «қатынды» осы құнарлы жер деп түсінгеніміз жөн.

Енді бұл мәтелге неге мән бергенімізге ойысайық. Біз дүниеден озған соң жерге қайта «егілеміз». Жер ана бізді қайта өндіріп шығарады. Сондықтан ол жердің «құнарлы» (мұсылман зираты), «қатын құрсағы» (лажы болса әулиелердің қасы) болғандығына аталарымыз жете мән берген. Діни хиссаларда ат тұяғындай жерден 70 мың адамның өніп шығатындығы айтылады. Егілген нәрсе өну үшін... Дұрыс. Су керек. «Сулы жер – нулы жер». Оны білеміз. Суы жеткілікті болса тақыр жер де көк майсаға айналады. Сол сияқты адам өнімі үшін де көктен арнайы қоймалжың «жаңбыр» жауады. Сол «суға» қаныққан жер адам баласын өмірге қайта әкеледі. Мынандай бір тәмсіл бар.

Ескендір Зұлқарнайын өзін бұрын еш адам аяғы тимеген жерге жерлеуін өсиет етеді. Қауымы ойласа келе, адам аяғы тимеген жер таудың басы болар деп, құзар шыңның басына жерлейді. Кейін анасы баласының басына барып, оның атын айтып шақырады. Үшінші рет шақырғаннан кейін барып, баласы оған аян береді. Анасы «Екі рет шақырғанымда неге келмедің?» дегенде, «Сіз мені «Ескендір» деп шақырдыңыз. Ал ол жерде Ескендір атын иеленгендердің өзі 300 адамға жетеді. Біз қайсымызды шақырып жатқандығын білмей, таласқа түстік. Сіз кейін «Ескендір Зұлқарнайын» деген соң барып, мен екендігім мәлім болды» дейді.

Иә, өмірден озбайтын адам жоқ. Көп адам өлгеннен кейінгі тағдырына мән бере бермейді. Шынтуайтына келгенде, шынайы өмір өлгеннен кейін басталады. Хадис шәріпте: «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге тірілесің» делінеді. Сондықтан аталарымыз айтқан мәтелге де мән бере жүргеніміз жөн.

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру