БАЛАЛЫ БОЛУДЫҢ АҚЫРЕТТЕГІ ПАЙДАСЫ

14 мамыр 2024 1748 0
Оқу режимі

Көпшілік жұрт мұсылманша құрылған және соған сай өткен тіршіліктің, бала-шаға сүюдің  бұл дүниедегі пайдасына ғана назар аударып жатады. Ал негізінде, жақсы жанұя мен ізгі перзенттердің пайдасы бұл дүниемен шектелмейді. Сондықтан бүгін мұсылманша отбасын құрып, перзентті болудың ақырет жұртында тиетін үш түрлі пайдасына тоқталмақпыз.

Біріншіден, имани тәрбие көрген, артынан дұға ететін ізгі ұрпақ қалдыру. Салихалы баласының қылған құлшылығы,  істеген сауапты істерінің сауабы әке-шешесіне тірі кезіндегідей, өлгеннен кейін де үзілмей барып тұратыны анық. Бұл жайлы Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: садақа жәрия (сауапты іс), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ» [1]. Бірақ бұл тұста ерекше ескерілуі тиіс тағы бір мәселе бар. Ол - ұрпағына имани тәрбие бермеген ата-ананың, сауап алу былай тұрсын, керісінше ауыр сұрақ-жауапқа тартылатындығы. Сол себепті ата-ана өз перзенттерінен жастайынан-ақ Алласын танып өсуіне баулығаны дұрыс.

Екіншіден, балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған баланың өзі ақыретте әке-шешесіне пайдасын тигізеді.  Қалай дейсіз бе?. Бұл дүниеде  ата-анасының мейірім құшағына қана алмаған бала, ақыретте қатты жылайды екен. Сонда Аллаһ тағала: періштелеріне бұл бала не үшін жылап жатыр? – дейді. Баланы жұбата алмаған періштелер: Әке-шешесі күнәкар еді. Ал бұл бала болса, әке-шешесіне барғысы келеді – дейді. Әділетті, мейірімді Алла бейкүнә балаларды ата-анасымен бірге азаптамайтыны анық. Балалар болса әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннатқа кіргізбейінше жібермейтіні туралы сүйінші хабарлар келген [2].

Соның бірі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала балиғат жасына жетпей үш баласы шетінеген әр мұсылманды, балаларға болған мейірім, рахымымен жәннатқа кіргізеді» [3] десе, басқа бір риуаятта: «Екі баласы шетінеген адам» – деген. Яғни, баласының өліміне сабыр еткен адам үшін бір баласы шетінесе де Алланың қалауымен шапағатшы болады.  Риуаяттарда «әулад»-«балалар» деп ұл немесе қыз бала болуын ашық айтпағанын да білгеніміз жөн.

Белгілі бір ауыру немесе қатты қимыл-әрекет жасау себепті іштегі нәресте түсіп қалған жағдайда, түсікке ат қойса, қияметте Алланың қалауымен шапағатшы болатыны туралы: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені  Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса ол бала қиямет күні келіп, былай дейді: «Уа, Алла  тағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды– дейді» [4] деген. Ал кішкентай кезінде шетінеген баласы үшін Аллаға тіл тигізіп, күнәкар болған ата-ана бұл кеңшілікке қауыша алмайтынын да айта кеткен жөн.

Үшіншіден, бұл дүниеде бала нәсіп болмаған, бірақ баланың аманат екенін біліп сабыр еткен тақуалар үшін Алланың мол сыйы барын ұмытпаған дұрыс. Алланың қалауымен ол дүниеде баласы болып, сол баланың шапағатшы болатындығы туралы Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бақшаның қасындағы ұзын адам Ибраһим (ғәлейссәлам). Оның айналасында балалар болады.  Бүкіл балалар мұсылман халде жан тапсырады», – дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Мүшіріктердің балалары ше?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мүшіріктердің балалары да.....» [5] деген. Бұл хадисті  кейбір ғұламалар баласыздар баласыз қалмайды. Ал ата-анасыз балалар да ата-анасыз қалмайды деп жорамалдаған.

Өмір бойы бір шаңырақтың астында сыйластықпен, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, адал кәсіп еткендердің ақыретте сауапсыз, нәтижесіз қалуы мүмкін емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай үй болудың сыры да сол болса керек.

Қысқасын айтқанда, бас құрап балалы болуға әрбір мұсылман шамасы келгенше талпынғаны дұрыс. Сондай-ақ ұл-қыздарына да дұрыс, имани, ислами тәлім-тәрбие берудің де маңызы орасан үлкен.
 

[1]Мүслим, Уасия, 1631.
[2]Жамиғус-сағир, 3/2364.
[3]Бухари, жаназа 6, 91; Мүслим, бир, 153.
[4]Жамиғус-сағир, 3/1075.
[5]Бухари, бабур-руья, 7047.

Абдусамад ОҚАН
PhD докторанты, исламтанушы.

Пікірлер Кіру