АЖЫРАСУ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

14 тамыз 2023 4037 0
Оқу режимі

Алла Тағала құлын жаратқаннан кейін сол жаратқан адам баласы бақытты өмір сүру үшін белгілі бір қағидаларын жіберді. Ендеше асыл дініміздегі отбасына және басқадай жағдайларға қатысты үкімдер тек қана екі дүние бақытына жетелейді. Сол сияқты салт-дәстүріміз де ислам дінімен сабақтасып жатыр.

Адамның өмірінің жалғасуы ұрпағымен болады сол үшін дана халқымыз «адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бір хадисінде:

النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ

«Неке – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари). Бұл хадистің мәніне тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, үйлену Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) сүннеті екенін көреміз және оны ары қарай баянды етіп жалғастыру да маңызды болмақ. Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сол үшін айтылса керек «үйлену оңай, үй болу қиын» деп. Нақыл сөздерді ескерер болсақ, отбасында қандай бір жағдаймен келіспеушілік орын алған жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезіне сабыр етіп, орын алған келеңсіз оқиғаны ақылмен шешсе, соңы да қайырлы болмақ. Даналардың сөзіне зер салып қарайтын болсақ, некені нәзік жіпке ұқсатады. Нәзік жіпті екі тарапынан тартса, үзіліп кетері анық, оның бірінші жағын тартқанда, екінші жағын босатып отырса, қандай нәзік жіп үзілмейді. Сол сияқты бірі ашуланғанда, екіншісі тоқтай білсе оңай шешіледі, ал түсінісе алмаса, соңы жақсылықпен аяқталмайды. Екі дүние сардары (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) былай деп өсиет етеді.

 لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَرَ

«Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деген (имам Мүслим).

Отбасын сақтап қалу ерге де, әйелге де қатысты. Сондықтан бір-бірін сыйлап құрметтесе, бір-біріне деген адалдығы болса, шынайы жанашырлық танытып бақытты өмір сүру үшін әркім өзінің үлесін қосса, адалдық туын ұран қылса олардан бақытты отбасы болмас еді. Алла Құранда:

هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ

«Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деді. Ендеше, бақытты отбасы болу үшін бір-біріне кіиім сияқты жылулық, әдемілік бере білу керек, міне сол кезде бақыттың дәмін татады.

Ажырасу мәселесіне келер болсақ қазақ халқының өткен тарихында ажырасу өте сирек кездескен. Ал қазіргі таңдағы статистикаға қарасақ, адам шошырарлық. Бұл дініміз бен салт-дәстүріміздің ұмытылып бара жатқаны. Бұрынғылар ер балаға «жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп, қыз балаға «барған жеріңе балдай батып судай сің», «ерге жаққан әйел, елге жағады» деп ақыл айтатын еді. Осындай тәрбие көрген ұрпақ үйленген кезде жауапкершілікті сезініп, ажырасуды ар санайтын. Ал шариғатымызға келер болсақ Алла Елшісі (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) хадисінде:

أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ

 «Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу», – деген (имам Насаи).

Басқа бір хадисінде де: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса, онда оған жәннаттың иісі харам болады», – деп қатаң ескерткен (имам Әбу Дәуіт). Осы мәселеге қатысты ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы ибн Абидин «Талақ негізінен – харам іс. Бірақ, оны мүбах ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың еш негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу – парасатты адамның ісі емес әрі ол Алла Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету. Сондай-ақ ажырасуы отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес», – деген. Жаратқан иеміз от басымызға амандық, әр шаңыраққа береке мен бақыт нәсіп етсін!

Серікбол Хаманұлы
«С.Ғылмани» мешітінің найб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру