ӘЖЕМНІҢ АҚЫЛ-ӨСИЕТТЕРІ

29 сәуір 2024 1624 0
Оқу режимі

• Біреуге жамандық жасасаң да, қайырымын, кесапатын, зиян-зардабын өзің тартасың. Жақсылық жасасаң да, шарапаты өзіңе тиеді. Жасаған жақсылығыңды көпсінбе, міндетсінбе.

• Әлдекімнің жеткен жетістігіне, үйіліп-төгіліп жатқан ырысына, мыңғырған мал-мүлкіне, аспандап тұрған атақ-абыройына көзіңді сүзбе, тымырайып-тыжырайма. Ішіңде қырық пышақ айналмасын. Әркім өзіне бұйырған ғана несібесін жейді. Не артық, не кем емес.

• Адамдардың екі әшекейі бар: әдебі мен кішіпейілділік-қарапайымдылығы. Оның ішінде қыз баланы сүйкімді ететін әшекейі: ол ибасы мен тазалығы. Өзің ұқыпты, жинақы киініп, үйіңді таза ұста. Жансарайың, денең, төсеніш-кілемің, тағам-дастарқаның, айналаң үнемі таза жүрсін.

• Ботам, алақандай жеріңе еге бол. Ертеңің үшін.

• Тұрмысқа шыққаныңша, өсіп-өнген ұяңның ары мен беделісің. Қанатыңды қомдап, қонар жеріңе қонған соң, сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отымен кіріп, күлімен шық. Себебі, ендігі жерде, сен сол шаңырақтың шаттығының шайқалмауының ұйытқысысың.

• Көптеген жақсылықтарға жетудің себебі - үлкендердің батасы. Көнекөз қариялардың разылығын көбірек ал, жолың ашылады.

• Жоқтан бар еткен, ең әдемі пішін берген, керекті мүшелерді, күштерді берген ақыл-сана берген, азық-сусыныңды, асап жер дәміңді себепсіз, ақысыз берген құдіретті Алла Тағалаға шүкіріңді айтудан жалықпағайсың, жанботам.

• Омырауыңды одырайтып, етегіңді едірейтіп ашып жүрме. Елдің көзі түспесін, еркектің көзі түспесін. Етек-жеңің жинаулы болсын, қызым. Шашыңды жайма, тым құрығанда өріп қой екі өрім қылып. Шаш жаю - қаралы хабардың, жаманаттың нышаны болған ертеректе.

• Көпшілік алдында аз сөйле. Тіл кіші болса да, айыбы үлкен, қалқам. Қыз баланың сумақай тілді, сыпсың сөзді болғаны - өте сүйкімсіз. Жауласаң, сыпайы әрекет-қимылыңмен, күлімсіреген жүзіңмен, жылы-жұмсақ сөзіңмен жаула адамдардың жүрегін. Көркем мінез иесі бол.

• Шықбермес Шығайбайдың кейпін киме, қарағым. Жомарт бол. Қонақ келсе жайғап, көңілін тауып, төбеңе көтер. Қолыңдағы соңғы бақыр тиының, соңғы сыйың болса да, қолына ұстатып жібер. Одан қазаның ортайып қалмайды. Жылы қабақпен шығарып сал.

• Қыз баланың талдырмаш, жіңішке, үзілердей боп тұрғаны тәуірірек. Артық салмақ қоспа. Қосып алсаң, тез арыл. Аз тамақ жегеннің жүрегі нұрлы, таза болады. Тоқтық ойлануды азайтады. Шектен тыс тоқ адам нәпсісінің тұтқынына айналады. Тоқтық деген құтыртады, қызым.

• Дүниелік болмайтын істерге бола араздасып, біржола көріспей, ара-қатынасын үзіп кететіндерді құлақ естіп, көз көрген талай. Жан-жағыңмен жауласпай, бауыр бол, балам.

• Кедейлік жалқаулықтан келеді. Ешкімге мұқтаж болмау үшін білегіңді сыбана еңбек қыл.

• Жаман мінез жұқпалы келеді. Ортаңды жақсы адамдармен толықтыр. Адамның жүрегі сүзгіш секілді ғой. Жақсыны да, жаманды да сіңіріп алады. Әдемі, көркем қасиеттермен жарқырат жүрегіңнің ішін.

• Берген қол алған қолдан жақсы. Шама-шарқың жеткенінше мұқтаж адамдарға садақа беріп тұр.

• Мәдениетті бол. Ішкі мәдениетің тіптен жоғары болсын.

• Қабағыңды түйіп жүрме. Адамдар сенің жылуыңа жылынсын, шуағыңды шашып, күлімдеп жүр үнемі.

• Үлкен-кіші болсын көмек қолын созып, көбірек жақсылық жасай бер. Ондайда жаның рахаттанады. Көмек жасап алған ләззат бөлек. Ләззат алудың төресі сол.

• Әлдекімдердің ұсқынсыз, көріксіз екенін, сыртқы көрінісін әңгіме етпе. Оның иманы сенен мықты, ішкі дүниесі сенікінен сұлу болуы мүмкін. Күйе жағып, тіл тигізуге тырыспа да. Ар- ожданыңды олай ластап, жүрегіңді олай улама.

• Адамнан емес, Алладан сұра.

• Жұмыр жердегі жұмыр басты пенденің ғұмыры жаялық пен кебіннің ортасында өтеді. Қарап отырсаң, екеуі де мата делік. Екеуінде де қалта болмайды. Бос келіп, бос кетесің. Дүния жиям деп арам тер болма. Ұрпақ әкел өмірге. Артыңда ізің қалсын. Сол ұрпағыңа ақыл айта алатындай білім-өнеге жина, бере алар тәлім-тәрбиеңді түзе. Игі іс жаса. Жақсы қызмет қыл.

• Ертеңгі күні отбасылы боласың. Сондағы айтарым, еріңді сүмірейтпе. Сен еріңе сүйкен қайта. Алдыңда бас болып қасқайып жүрсін. Сүйіспеншілігің мен махаббатыңды сыйла, жылы шырай білдір. Азып-тоздырмай, өзіңнен алға оздырып жүргейсің.

• Жан баласын ренжітпе, жарығым. Айыпты өзіңнен ізде.

• Жасанды дүниелерге жолама. Түр-сипатың да, қылығың да, харекетің де шынайы болсын. Бетперде киме. Шыншыл бол.

• Аз ұйықта. Ризығыңа бөгет болады.

• Қиыншылықтарға төз. Қай нәрсе де оңай келмеген, келмейді де.

• Тәкаппарды Тәңірі сүймейді. Мұрныңды көкке шүйірме.

• Жер-жаһандағы қырғын-сүргін, қулық-сұмдық, зұлымдық арсыздықтан келеді. Ұятың болсын. "Ұят болады" ұғымын түйсігіңе тоқып ал, көкем ...

 

Гүлімжан АЙДЫНҚЫЗЫ

 

Пікірлер Кіру