АЙЫПТЫ ЖАСЫРУ – АДАЛДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

27 қыркүйек 2023 3146 0
Оқу режимі

Атадінімізде бірқұдайшылдық қағидасы мен бауырластық – негізгі тірек болып cаналады. Азғырушы әзәзілдің де негізгі нысанасы – адамның Алладан өзгеге құлшылық жасап кетуіне барын салады әрі мұсылман мен мұсылманның арасына іріткі тастауға тырысады. Сондықтан бауырмалдық пен татулықты сақтау үшін мұсылмандардың бір-бірінің кемшіліктерін жасыруы, айыптарын кешіруі – аса маңызды іс.

Асыл дініміз адамды айыптауға немесе жазалауға асықпайды. Керісінше, жасыруға, кешіруге үндейді. Алайда Алла Тағала қасиетті Құранда: «Анығында, иманға келгендер жайлы жиіркенішті нәрсенің таралуын жақсы көретіндерге осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде (Ақыретте) күйзелтуші азап бар…»[1]– деп ескертеді. Ардақты Пайғамбарымыз да (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзінің өсиеттерінде мұсылман адамның бауырына қиянат жасамайтынын, өтірік айтып алдамайтынын жəне масқараламайтынын айтып, мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі жəне қаны мұсылман үшін харам екенін ескерткен. Сондай-ақ, адамның мұсылман бауырын қорлауы жамандық ретінде жетіп артылатынын айтқан. Шындығында, бір дененің мүшелері секілді болған мүміндер бауырларын айыптап, масқаралаған кезде, негізі өздерін айыптағандай болады…

Хадистерде Алла Тағаланың – Жасырушы, яғни Саттар сипаты барлығы және айыпты жасырушыларды жақсы көретіндігі айтылады. Үмбетіне үлгі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біреудің қателігін көрсе, ешқашан адамдардың көзінше оның айыбын ашпаған, атын айтпаған. Айтарын «кейбір кісілер» деп жалпылама түрде ескерткен. Тіпті, «Маған не болған? Кейбір кісілерден осындай нәрсені байқап жүрмін» деп, өзін кінәлі сезініп, үмбетіне жүрек тазалығының бір сырын меңзеп кеткен! Тағы бір хадисінде: «Ешкім сахабаларым жайлы жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа (таза көңілмен) жаман сезімсіз шыққым келеді» [2] – деп, айып жасырудың артында жан тазалығы тұратынын үйреткен…

Айып жасырудың артықшылығы жайлы ақырғы Пайғамбар (с.ғ.с) бізге былай деген: «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмегін тоқтатпайынша, Алла да оған жәрдемін тоқтатпайды» [3]. Айып жасырушы адамның сыйы қандай, шіркін!

Әрине, адам баласының, пенде ретінде, осал тұстары жеткілікті. Алайда, біреудің бетіне немесе сыртынан айтылған айыптау сөздер көңілге дақ, жүрекке жара салып, оның соңы араздықтың, өшпенділіктің тууына жол ашады. Сол себепті Алла елшісі (с.ғ.с) мұсылманның кемшіліктерін қазбалауды ұнатпаған. Пайғамбарымыз тіпті екіжүзділердің де айыптарымен қатар аты-жөндерін де жасырған. Бір сахабаға ғана айтқан. Бұл қоғам ішіндегі тыныштық, бірлік үшін өте қажет еді. Сондай-ақ, тәубе есігінің әрқашан ашық екенін ұқтырған ұстаным болатын…

Дінімізде айыптарды жария әшкерелеу әрекеті бүлікке бастау ретінде бағаланады. Бұл жөнінде Абдулла Ибн Омар (Алла оған разы болсын) атты сахаба былай дейді: «Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мінберге көтерілді де, қатты дауыспен былай деді: «Ей, тілімен мұсылман болған, бірақ жүректеріне иман кірмегендер, мұсылмандарға кесірлерің тимесін (зиян тигізбеңдер), оларды айыптамаңдар, олардың кемшіліктерін іздеп (бақылап) жүрмеңдер. Кім мұсылман бауырының айыбын іздесе, Алла оның айыбын тексереді. Ал Алла кімнің айыбын тексерсе, оны, үйінің түкпірінде болса да, масқара қылады»[4], – деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) батасын алған атақты сахаба Ибн Аббас (Ол кісіге Алла разы болсын!) бір сөзінде: «Достарыңның айыбын айтқың келген кезде, дереу өз айыптарыңды есіңе ал!» – деген екен. Осы арада Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Біреудің мінін көргенше,

Қателігін тергенше,

Өз бойыңды тазалап,

Өз ойыңды мазалап, өзіңмен алыс өлгенше! – деген өсиеті еске түседі.

Ал мына хадисте басқаны айыптаудың зардабы тіпті анық баяндалған: «Кімде-кім бауырын (тәубе еткен) күнәсі үшін айыптаса, сол күнәні өзі істемейінше, көз жұмбайды» [5]Иә, мұсылманның бауырын масқаралауы – теріс атылған қару іспетті.

Әрине, айыптарды жасыру – күнәні ақтау немесе оған жол беру емес. Сондықтан ғалымдарымыз: «Егер күнә адам құқығына қол сұқса, сондай-ақ көпшілікке қатысты,  қоғамдағы адамгершілік нормаларына қатысты болса, оны міндетті түрде түзетуге тырысу қажет; тіпті қажет болса, жарыққа шығарып жазалау керек» деген. Өйткені, кейбір күнәні жасыру одан үлкен зұлымдықтарға жол ашуы мүмкін.

Асыл дінімізде айыпты айтудың өзіндік әдептері бар. Оның ең бастысы – сол адамға жеке айту, жылы сөзбен көңілін аялай отырып, хал-жағдайын ескере отырып айту. Бір хадисте қандай да бір адам біздің қателіктерімізді айтып жатса да, сол адамның кемшіліктерін білсек те, оны айтпау бұйырылған. Қандай қиын әрі қандай ғажап! Қандай биік деңгей?!..

Адам баласы өз айыбын ең әуелі өзі жасыру керек. Бұл айтудың да қажеті жоқ даусыз шындық сияқты болғанымен, қателігін – күштілік, күнәсін – мақтаныш көретін ақымақтық кездеседі өмірде. Бұған қатысты бізге мынандай ескерту айтылған: «Менің үмметімнен күнәләрін өздері жария ететіндерден басқалары құтылады. Олар түнде бір күнә істейді, Алла оны жасырады; ал олар болса: «Әй, пәленше, түнде мен осындай да осындай істедім», – деп жар салады. Ол адам Алланың бүркенішімен ұйықтайды да, таңертең ол жамылғыны өзі ысырып (ашып) тастайды»[6].

Айыптарды жасыру – адамның абыройын сақтау, адамдық қасиетін құрметтеу болғандықтан, мұсылмандық әдеп бойынша қайтыс болған адамның да айыбын жасыру қажет. Жалпы атадінімізде өмірден озған адамның артынан жаман сөз айтуға тыйым салынғаны белгілі. Бұл тыйымның басы мәйітті жуу кезінде басталады. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінде бұл істің маңыздылығы жайлы баяндалады: «Кімде-кім бір мәйітті жуса және көрген кемшіліктерін жария етпесе, ол кісі күнәларынан анасынан жаңа туғандай тазарады» [7].

Айыптарды жасыру – «жаңылмайтын жақтың, сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын» түсіну; өзіңнің де пенде екеніңді мойындау. Айыптарды жасыру – «бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бауырмалдықтың көрінісі. Сондықтан бауырыңның жазалауды қажет етпейтін әрі құл хақысына қатысы жоқ кемшіліктерін жасыру – әрі иман талабы, әрі парасаттылық. Өйткені, кейбір күнәлардың жарыққа шығып, жайылуы оның жасалуынан бетер жаман зардаптарға алып баруы бек мүмкін. Күнәлардың жариялануы оның жарнамасы іспетті болуы, сол арқылы жамандықтың тарап кетуіне себепкер болуы да ғажап емес. Мысалы, адамдардың жеке басына немесе отбасына қатысты жасырын кемшіліктерінің жария болып, айыптарының ашылуы абыройынан айырылуына, ашынуына, сөйтіп олардың мінез-құлық тұрғысынан бұзылуына себепші болуы мүмкін. Жасырын күнәсі жария болған адам бірте-бірте ұялу сезімінен айырылып, немкеттілікке ұрынады. Тіпті жек көру, өшпенділік, ерегесу, кекшілдік секілді сезімдерге бой алдыруы әбден мүмкін. Сөздің түйіні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінде: «Адамдардан айып іздесең, оларды бұзасың» [8].

Осы арада Ислам әлеміне аты мәшһүр Хатәм-Әсам атты тақуа кісінің ғибратты бір ісін айта кеткен жөн. Бұл кісінің есіміндегі «әсам» деген сөз «саңырау» дегенді білдіреді. Әулие қарттың «саңырау Хатәм» атануына мына оқиға себеп болған екен. Бірде Хатәм-Әсамға бір зағип әйел кісі келіп, жылап отырып, жан күйзелісін айта бастайды. Өзі қатты толқып отырған жаңағы әйел сөйлеп отырып абайсызда артынан дауыс шығара жел жіберіп қояды. Бірден дымы өшкен әйел кірерге тесік таппай, қызарған күйі төмен қарап қалады. Сонда Хатәм-Әсам ештеңе болмағандай: «Қызым-ау, соңғы кезде құлақтан қалдым. Қаттырақ сөйлемесеңіз, айтқандарыңызды ести алмадым. Ренжімей, қайталап айтыңызшы», ­­– дейді. «Уһ» деп есін жиған әйел көңілі жадырап, шаруасын айғайлаңқырап қайта баяндаған екен.  Хатәм да сол күннен бастап келген адамға құлақтан қалғанын айтып, ақыры «керең» атаныпты. Арада бінеше жыл өтіп, әлгі әйел қайтыс болғаннан кейін ғана: «Құлағым жақсы ести бастады. Бұдан кейін жай сөйлей берсеңіздер болады», – деп, «қайта естіп» кеткен екен!.. Айып жасырудың ғаламат үлгісі, хақ дін талабын жүзеге асырудың керемет өнегесі осылай көрініс тапқан!

Біз бауырымыздың айыбын жасыру арқылы Ұлы Жаратушымыздың үкімін орындап қана қоймаймыз, махаббатпен жаратқан Жаббар Иемізге жақындауға, ұқсауға тырысамыз – кемелдікке ұмтылған жарқын қадам жасаған болып саналамыз! Мына хадиске құлақ түріңізші: «Мүмін Қиямет күні Раббысының жақсылығына, игілігіне жақын болғаны соншалық, Алла оған рақымдылық танытып, қалың көпшіліктен жасырған күнәларын мойындатады. «Мына күнәңді білесің бе? Ал мына күнәңді ше?» деп сұрайды. Мүмін: «Білмеймін, уа, Раббым» деп жауап береді. Алла Тағала: «Мен бұл күнәларды дүниеде жасырған едім. Бүгін де кешіремін», – дейді. Артынша оған жақсылықтары жазылған амал дәптері оралған күйде беріледі» [9]

Мұсылмандар – бір-біріне бауыр. Иманның ең берік тұтқасы – бауырыңды Алла разылығы үшін жақсы көру. Ғұламалардың бірі: «Кім өз бауырына оңаша насихат айтса, адалдық деген осы, ал кім басқа адамдардың алдында айтса, оны балағаттаған болады», – деген екен. Алла Тағала баршамызға Пайғамбар өнегесінен нәр алған, бауырының абыройын ойлап, оның жақсысын асырып, жаманын жасыратын мейірімді әрі әділ мұсылмандардан болуды нәсіп етсін!

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫ

 

[1] «Нұр» сүресі, 19-аят.

[2] Әбу Даут жеткізген

[3] Муслим жеткізген хадис

[4] Термизи жеткізген

[5] Тирмизи жеткізген

[6] Бухари, Муслим жеткізген

[7] Ахмад жеткізген

[8] Бұхари жеткізген

[9] Бұхари, Муслим жеткізген.

 

Пікірлер Кіру