Әйел, ол ...

07 қараша 2020 7594 0
Оқу режимі

Тарихта әрбір жаратылыстың өз орны мен қадір-қасиеті бар. Сонымен қатар сол орын мен қадір-қасиеттілігі қоғамның ұстанымына байланысты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әркімге өзіне тиесілі құрмет көрсетіңдер», - деген. Осы айтылғанға сай Ислам әйел затын имандылық нышаны, ерінің адал жары, жәннат есігі ретінде қабылдауды бұйырады.

Әйел мәртебесін Ислам діні көтергендей дін не болмаса қоғам жоқ. Бұған дәлел баршылық! Мәселен:

Құранда «Ниса» (әйелдер) деген сүре бар, бірақ «Рижәл» (еркектер) деген сүре жоқ. Ал Құранда айтылғанның бәрі мәнді, әрі маңызды екенін ескерсек, осы жағдай әйелдердің Хақ Тағаланың назарындағы жоғары мәртебесіне ишара.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бірінші болып иман келтірген әйелзат болды. Ол – Хадиша анамыз (р.а.).

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ұйып намаз оқыған ең бірінші адам да әйел болды. Ол да Хадиша анамыз (р.а.).

Дін үшін бірінші болып жан тапсырған адам әйел еді. Ол – Сумайа бинт Хаят (р.а.).

Қасиетті Меккенің бірінші тұрғыны әйел болды. Ол – Хажәр анамыз, Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) әйелі.

Салихалы, иманды әйелзаттың ерекше қасиеттілігіне нұсқап Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Адамдар жинаған дүниенің ең қайырлысы: шүкіршіл жүрек, зікіршіл тіл, дүние және Ақырет ісінде көмекші салихалы әйел»[1].

Дамаск ғұламаларының сұлтаны Әл-Ғиззу ибн Абдус-Саләмнің (р.х.) заманында Дамаскіде азық қымбаттап, заттар арзандайды. Заттар арзандағаны соншалық, бау-бақшалар тиін-тебен тұратын болды. Сонда жұбайы Әл-Ғиззу ибн Абдус-Саләмға өзінің алтын бұйымдарын беріп: «Мынаған жазда демалатын бір бау сатыл алыңыз», - дейді. Әл-Ғиззу ибн Абдус-Саләмнің алтынды сатып, ақшасын мұқтаждарға садақа етіп таратып жібереді.

Үйіне келгенде жұбайы одан: «Уа, төрем! Бау сатып алдыңыз ба?» - деп сұрағанда, ол былай дейді: «Иә, жәннаттан бір бау сатып алдым. Адамдардың қатты қиналып жатқанын көріп, сатқан алтынның ақшасын садақа етіп таратып жібердім». Сонда ерінің бұл ісінен разы болған жұбайы: «Алла Тағала сізді жарылқасын!» –дейді.

Ислам әйелзатты қастерлегені шариғаттың мына талаптарынан байқаса болады.

- Қыз кішкентай кезінде – әкесінің қамқорлығында. Себебі, қыз – жәннат есігі.

- Бой жетіп тұрмысқа шыққанда – ерінің қамқорлығында. Себебі, салихалы әйел – діннің жартысы.

- Әйелзат ана болған сәтте – балаларының қамқорлғында. Себебі, жәннат – аналардың табанының астында.

Ислам әйелзатты өмірлік серік, ана, сүйеніш, мейірім мен сүйіспеншілік көзі етті. Алла Тағала әйелзатты: адал ерге – өмірлік серік, перзентке – ана, ақыл сұрағанға – адал насихатшы етті. Сонымен қатар, Ислам, әйелзаттың арын қорғау мақсатында үйде бала-шағаға баскөз болуды, орамал және етегі ұзын көйлекпен денесін тыс көзден жасыруды, бөгде еркектермен араласпауды және бір еркекпен некелесуді әйелдің несібесі етті.

Салихалы әйел – ерінің адал серігі, абыройы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дүние – азық. Сол азықтың ең қайырлысы – иманды әйел», – деген.

Муһажирлер: «Қандай дүниеге қызыққанымыз жөн?» – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зікіршіл тілге, шүкіршіл жүрекке, иманыңды қуаттайтын салихалы әйел», – деп жауап берген болатын.

Салихалы әйел – бақытты шаңырақтың негізі. Негізі мықты болған шаңырақ шайқалмайды, әрі бақытты отбасы, қайырлы ұрпақ ордасына айналады. Әрине, еркектің өзі осыған лайық болса!

Асыл дініміздің кемелдігінің белгісі – шариғатымызда барлық мәселе, соның ішінде бақытты отбасы құрудың жолы қарастырылған. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелді мал-дүниесіне, тектілігіне, сымбаттылығына және діндарлығына қарап алу керектігі жайында айтып, осы қасиеттердің ең абзалы – әйелдің тақуалығы екеніне ишара еткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Дүние – азық. Ал азықтың абзалы – салихалы әйел», – дегені осыған ишара.

Хадисте айтылғандай, салихалы әйел тіршілікке қажетті төрт бақты сыйлайды: оған қарасаң, көзіңді қуантады. Бір нәрсені бұйырсаң, талабыңа бойсұнады. Үйде болмағаныңда өз абыройы мен дүниеңді сақтайды.

Үйіне береке кірсін деген еркек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына өсиетіне құлақ ассын! «Мінез-құлқы мен діндарлығы жағымды біреуді кездестірсеңдер, оған үйленіңдер!»

Алла Тағала әйелзатты «ана» ретінде құрметтеуді бұйырып: «Біз адам баласына ата-ананы құрметтеуді бұйырдық»[2], – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат – аналардың табанының астында», – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерге тек жақсылық істеуді бұйырды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыз балаға қамқорлық еткен адаммен жәннатта бірге боламын деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анасы дүниеден өткен адамға, анасының әпке-қарындасымен қатынасты үзбеуді бұйырды.

Асыл дінімізде әйелдердің құқығын қорғайтын «Мұхаммед – расулулла» мөрімен бекітілген бір құжат бар. Ол – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әйелдермен жақсы мәміледе болыңдар!» – деген өсиеті.

Сондықтан:

1. Анаңды көрсең – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жәннат аналарыңның табанының астында»,-деген сөзін есіңе ал!

2. Жұбайыңды көрсең – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендердің жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың»,-деген сөзін есіңе ал!

3. Қызыңды көрсең – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетіне сай оны жәннатқа апарар жолың деп біл!

 

Динара Нұрғалиева
«Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы


[1] Байһақи
[2] «Ахқаф», 15 аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру