ӘУЛИЕНІҢ СӨЗІ ӘЛІ КҮНГЕ ӨЗЕКТІ...

25 сәуір 2024 1672 0
Оқу режимі

Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады.

"Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын" деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі, қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.

Байғыз деген құс бар. Кәріптікті, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған ойрана жай болса, сонда жатады, су ішпейді, бидай, тары жемейді. Аузына көлденең тістеген қылдан да жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: "Тұрымтай екеш тұрымтай да тайлы биенің етін жейді" деген.

"Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек" деген.

"Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның әуресімен болып, бейнетке қалсам керек" деп, сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Тақ Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:

- Не үшін маған келмейсің? - дегенде:

- Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін? деген.

Осы сөзімен құлдықтан халас болған. Адам мұны ойлап, пікір қылуы керек. Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз, жұтқан тамақ. Жалғанда мазаққа, ақиретте азапқа түсіретін - тамақ. Артық тамақтан тартынған бәрінен халас болады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Пікірлер Кіру