АРҚАДА ДІННІҢ АЙ-НҰРЫ БОЛҒАН – АЙЖАРЫҚ АЙТІЛЕУҰЛЫ

18 шілде 2024 1204 0
Оқу режимі

ХІХ ғасырда Қазақ даласында ислам дінін қарыштап ілгерледі. Оған себеп – қалмақ-қазақ соғысы аяқталып, бұрынғыға қарағанда қалың елдің бейбіт өмірге аяқ басуы еді. Күнбатыстан Ресей патшалығы отарлауды бастағанмен, әуелде олар «Орынбор мүфтилігін» құрып, ислам дінінің дамуына мүмкіндік жасады. Осы кезде арыдан ойлана білген көреген хан-сұлтандар талғампаз қазақ жастарын дін оқытуға аттандырды. Соның бірі Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір хан еді. Оның шарапатын көрген жастың бірі Айжарық Айтілеуұлы болатын. Бұл жөнінде шығыстанушы С. Қосан көлемді зерттеулер жасап келеді. Айжарық Айтілеуұлы 1808 жылы  Ішкі Бөкей Ордасында дүниеге келген.

Ол әуелгіде Ордадағы Жәңгір хан ашқан медреседе білім алады. Бұдан соң, М.С. Бабажановтың деректеріне қарағанда, Жәңгір хан 1826 жылы өзінің ортаншы ұлы Ескендірді, Айжарықты және бірнеше қазақ баласын көршілес башқұрт елінің Істерлітамақ уезіндегі ел арасында Ишан атағымен белгілі молданың мектебіне оқуға жібереді. Онда 8 жылдай оқып, мұсылманша жүйелі біліммен сусындайды. Ондағы оқуын аяқтаған Айжарық 1834 жылы Хан Ордасына қайтып оралады. Елге келген соң туыстары оны үйлендіреді. Алайда, Айжарық алған діни білімін одан ары қарай жетілдіру үшін Бұқараға аттанады. Бұқара шаһарында 15 жыл оқып, ислам ілімдері бойынша терең білімге қаныққан Айжарық 1849 жылы Орынбор арқылы Ордаға қайтып оралмақ болады. Бірақ, сол кездегі саяси ахуалға байланысты оған туған жерінде тұрақтауға рұқсат етілмейді. Амал жоқ, Айжарық аты-жөнін де жасырып, Арқаға кетеді (Серікбай Қосан. Абайдың рухани ұстазы – Жәңгір ханның шәкірті (Қамараддин хазірет хақында ой толғау).

Ол Сарыарқаға «Қамараддин Бижомартұлы» деген лақап атпен барады. Бұқара шейхтары Айжарыққа «хазірет» және «дамолла» атағынан өзге «Қамараддин» (діннің айы) деген дәреже береді. С. Шормановтың жазуынша, ол алдымен Ақмола өңіріне келіп, 1852 жылы сондағы ықпалды қазақтардың бірі полковник Тұрлыбек Көшеновтің ауылына қоныстанып, осы төңіректегі елдің билігін ұстаған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы мен Ыбырай Жайнақұлы секілді аға сұлтандардың иелігіндегі қазақтардың балаларын оқытады. Қамараддин хазіреттің тағы бір талантты шәкірті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда білімдар ұстаз Арқадағы керей, қыпшақ, атығай, қарауыл, қанжығалы, қуандық, сүйіндік сияқты жеті дуанды жайлаған ел балаларының көкірек көзін ашып, саналарына иман мен ілім сәулесін түсіреді (Серікбай Қосан. Абайдың рухани ұстазы – Жәңгір ханның шәкірті (Қамараддин хазірет хақында ой толғау).

Сарыарқа жұрты 1852-1863 жылдары Айжарықтан діни білім алып, ислам медреселерінде тереңдей оқытылатын 12 пән құпиясымен танысады. Шығыстың классикалық әдебиеті, хикая-дастандар, шайырлық поэзия, қазақтың халық әдебиеті, сопылық ілім бағыттары, ислам философиясы, қоғам және фиқһ т.б. негізгі және қосымша пәндер қазақ шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылдырды. Қамараддин хазірет Арқадағы өмірінің алғашқы жылдарында Семей өңірінде болып, ақын Абайға да дін мен ғылым сабақтарын үйретуі мүмкін. Бұл туралы абайтанушы профессор Тұрсын Жұртбай («Айқын» газеті, №121, 2008) мен журналист-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат («Астана» журналы, №2, 2010) баспасөзде мақалалар жазды.

Айжарық дүниеден өткенде Сәдуахас Мұсаұлы жазған қазанама-мақалада ұлық ұстаздың аса көркем мінезі мен ел үшін сіңірген игі істері жайы тебірене айтылды: «Өткен 1888 жылында сентябрь айында молла Қамараддин хазіреті 81 жасында Баянаула атырабында опат болып, Баянаула қаласының күншығыс жағында бір шақырымдай жерде мұсылман қабірлері ішінде дәфін болынды. Бұ күнгеше қазақ халқы ішінде мұндай адам аз болса керек. Марқұмның мінезі сондай еді: нашар, дәулеті жоқ адамдардан хақы алмақ түгілі, оқығаны үшін бәлкім, өзінен тамақ беріп оқытатұғын еді. Және халық ішінде аразлық болса, насихат айтып тауластырар еді. Және екі-үш күнлік жерде өзінің білетұғын адамларында ауру яки қайғылы кісілер болса, сонша қарт болса да ерінбей барып, көңілін аулар еді. Билер бітіре алмайтұғын үлкен іслер ол кісінің насихат қылуы илан татушылық /жөнімен/ бітіп қалатұғын еді. Көп адамларға зары өтсе керек. Қазақ халқы бір артық адамынан айрылды» (Серікбай Қосан.

Абайдың рухани ұстазы – Жәңгір ханның шәкірті (Қамараддин хазірет хақында ой толғау). Қамараддин хазіреттің ел алдындағы ерекше қызметі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да құнды мәліметтер жариялады. Сәдуақас Ғылмани де өз шығармасында Арқада ислам дінінің өрістеуіне Қамараддин хазіреттің шәкірт тәрбиелеп, мол үлес қосқанын айтып өтеді.

 Иә, Ақжайықта туылып, Арқаға еңбегі сіңген Айжарық бабамыздың алдын көрген Абай мен Мәшһүрлер одан кейін сайын далада сайру-сулук қылып, Хақ діннің туын желбіретті!

 Мұхан ИСАХАН

 

 

Пікірлер Кіру