Ақырет күніне сенген адамның сөзі

15 маусым 2019 8179 0
Оқу режимі

Ғайбат дегеніміз – «Өзі жоқ адамды сыртынан балағаттап, оның жаман қасиеттері мен жағымсыз істерін өзгеге айту». Шындығына келсек, әрбір адамның пендешілік жаман қасиеттері, ұнамсыз мінезі әрі өзге жақпайтын іс-әрекеттері болады. Ондай адамды түзеу үшін ол кісіге сөзі өтімді, жасы үлкен адамның оны шақырып алып, жеке өзіне айтуы тиіс. Өзі жоқтың көзі жоқ деп сыртынан бар кемшіліктерін теріп, өзгеге жайып салу шариғатымызда үлкен күнә саналған. Ондай адамның біреуге жағымсыз істері болса да, басқаларға ұнайтын жақсы істері де болатыны талассыз. Сондықтан да Құран Кәрімде: «Бір-біріңді (өзі жоқта) сыртынан тілдемеңдер.  Қайсысың өлген бауырының етін жегенді жақсы көресің? Әрине, жек көресіңдер, Алладан қорқыңдар»[1], – деп мұндай жаман қылықтан тыйған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғайбат деген: «Бауырыңды өзі ұнатпайтын жаман қасиеттерімен еске алуың», – дейді. Сонда жанындағылар: «Егер сол айтқанымыз расында оның бойында бар болса ше?» – дегенде, «міне сонда ғайбат болады. Ал, егер ол айтқандарың оның бойында болмаса, онда жала жапқан боласыңдар»[2], – деп сөздің түйінін айтқан.

Өзгенің сыртынан айтылған мұндай сөздің күнәсі соншалықты үлкен, оны тәубе етпесе, басқа істер ешқашан оның күнәсін жуып кете алмайды. Қазақта тілдің апаттарына сақ болуға шақырған даналық сөздер де жеткілікті. Солардың бір мысалы Шал ақынның сөзі:

«Ойласаң мың бір пәле тілден туған, 
Шешендер топ ішінде тілді буған. 
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе, 
Жабылып мың бір пәле соны қуған», – деп тілдің кесапатын көрсеткен.

Мұндай іске ұрынатын адамдар көбінесе екі түрлі болады. Бірі – мақтаншақ, екіншісі – тәкәппар болғандар.

Мақтаншақ адам өзін-өзі мақтаймын деп өзгенің қателігін айтып, оны даттап, өзі ғайбатқа ұрынады. Ал, тәкәппар адам менсінбегеннен кісінің айыбын ашып беруге де арланбайды. Тек өзінің ғана ісін жөн көргендіктен, өзгені жамандадым деген ой да келмейді. Осылайша ғайбат жасау арқылы Алланың жек көретін адамдарының қатарынан болады.

АДАМ МҰНДАЙ ЖАМАН ӘДЕТТЕН АРЫЛУЫ ҮШІН:

1. Құранда үлкен күнә екендігіне байланысты аят[3] бар деп Алладан қорқуы керек.

2. Оның айтқан әрбір сөзін аңдып, жазып тұрған періштелердің бар екенін[4] ескеруі тиіс.

3. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы сөз сөйлесін немесе сөйлемесін»[5] хадисін жадында тұтуы қажет.

4. Егер айтқан сөзі ол адамның құлағына жеткен болса, барып кешірім сұрауы міндет.

5. Ал, егер ол кісінің құлағына жетпеген болса ол кісіге дұға жасап, оған жақсылық тілеуі керек.

Өмірден өтер-өткенше «үмметім» деп қамын жеген ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) бізге қалдырған өсиеттерінің бірі осы – «жақсы сөз сөйлесін немесе сөйлемесін». Дана халқымыз да «жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деп, ежелден екі елі ауызына төрт елі қақпақ қоя білген. Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын да терең түсінген данышпан халқымыз әр сөзін әдепке сай, сүннетке сәйкес жұптаған. Ендеше, бабалар жолынан жаңылмай, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін тірілткендердің қатарынан болуға тырысайық! Себебі, ақырет күні хақ!

 


[1] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[2] Муслим, Сахих, 2589.
[3] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[4] «Қаф» сүресі, 18-аят.
[5] Муслим, Сахих, иман, 47.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру