АҚЫМАҚ ПЕН ШЫНДЫҚ

24 сәуір 2024 1906 0
Оқу режимі

Бірде Ақымақ базардан Шындық сатып алыпты.

Бір-екі ақылсыз сұрақ қойғанына айлакер сатушы тегін береді. Соған марқайып, бұл да жөніне кетеді.

Бірақ, Шындықпен бетпе-бет келгендер біледі ғой, ондай зіл батпан ауырлықты көтеріп жүру де оңай емес, алысқа ұзай қоймайсың...

Ақымақ сіле боп шаршайды, Шындықты көтеріп жүре алмай, ақысын төлеп алған соң, тастап кетуге тағы қимайды.

Дәрмені құрып, сүйретіліп, үйіне әзер жетеді.

— Ақымақ, қайда жүрсің, тентіреп?- деп әйелі шаптыға жөнеледі.

Абдырап, болған жайды айтып бергенімен, Шындықтың оған неге қажет бола қалғанын, не мүддемен сатып алғанын түсіндіре алмай, әлекке түседі, Ақымақ.

Қанша тыраштанса да, Шындықты неге жаратарын, одан қандай пайда табарын білмей, Ақымақ әйелі екеуі дал болады.

— әй, Ақымақ, мына түкке тұрмайтын Шындығыңды базарға апар да, тегін бере сал, бәрібір бұның берекетін көрмейміз, біз, - дейді, әйелі, амалы құрып.

Базарға жеткен Ақымақ бар даусымен:

— Шындық! Шындық! Кімге Шындық керек? Келіңдееер, тегін берееем!, - деп айқай салады.

Базарлап жүрген жұрт қызығып, көз қырын сала қоймайды.

— Сенің Шындығың кімге керек, біздің сатылмайтын өз Шындығымыз бар,- дейді халық.

Кенет, төңіректе жүрген бір өзін Ақылды сезінетін кісі Шындықты шыр айналдырып, қарап шығады да:

— Ей, жігітім, мына Шындығыңа қанша ақы сұрайсың?,- дейді.

— Бұның құны " көк тиын",- деп Ақымақ қуанып кетеді, — тегін берем,-дейді.

Сол сәтте тағы бір Ақылды кісі келіп, ол да нарқын сұрайды. Мәмілесе келе, екі Ақылды Ақымаққа ақысына алғыс айтып, бір Шындықты бөліп сатып алады.

Бөлікке бөлінген жартылай Шындық көтеруге де жеңіл, көзге де сүйкімді көрінеді. Пұлдаса жылдам өтіп кетеді.

Екі Ақылдының мына тапқыр тірліктеріне өзгелер қызыға қарай бастайды. Олар да осылай жартылай шындықтың "кереметтігіне" сеніп, Шындықты өздері қолдан жасап, оны екі бөліп, жарты Шындықты артығымен толтырып тастайды, қоймаға.

Осы тірліктің пайда әкелгені сонша, адамдар да тезірек сату үшін біреудің сатқындығын көрсе де: "Сатқынсың!" деудің орнына, "салмақты екенсіз", "өтірікшіге- қиялыңыз жүйрік" екен деп жартылай Шындықтарын саудалай беріпті.

Тіпті, біздің баяғы өздерін байытқан Ақымағымызға: "өзіндік ойың бар азаматсың ғой!" деп арқасынан қағады екен...

Аударған Әдемау ТОЛЫСБАЕВА

 

Пікірлер Кіру