"АҚТЫ ТӨКПЕ", "АҚТЫ БАСПА"

17 қаңтар 2024 2390 0
Оқу режимі

Ақ дегеніміз - сүт, айран, кілегей, қаймақ, қатық, саумал, қымыз, шұбат...

Бұларды "ағарған" деп те атайды. Парызы да, қарызы да, өмірлік мәні де ерекше ананың ақ сүтін қасиеттейтін халқымыз малдың сүтін де ардақтайды. Адам баласы анасының ақ сүтімен жетілсе, малдың төлі де енесінің сүтінен нәр алып өседі. Нәресте үшін ана сүті қандай қажетті болса, малдың төлі үшін де енесінің сүті сондай қажетті. Уызына, сүтке жарымаған төлдің мал болып аяқтануы екіталай.

Қазақтар тіршілік ету салтына қарай малды көп ұстаған халық әрі төрт түліктің қадірін, бабын жетік білген. Ақтың адам ағзасына ұшаң-теңіз пайдалы екенін өте ертеден ұққандықтан сүт өнімдері қазақ дастарханының мәні мен сәні, берекелі азығы болған. "Ақты қорлағанды ант ұрады" деп "ақты төкпе", "ақты баспа" деген секілді тыйымдар мен аққа байланысты ырымдарды тұрмыста берік қолданған. Айтайық, жолға шығып бара жатқан жолаушыға ақ ішкізіп аттандырып:

"Ақ жол болсын!" - деп тілек айтады.

Көктемде алғаш күн күркіреп, найзағай ойнап, жаңбыр жауғанда киіз үйдің босағасына, керегенің басына ақ жаққан.

Бұл - "көктен жаудырсын, жерден өндірсін, ақ мол болсын" деген ізгі ниеттен шыққан ырым. Тіпті үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ тамызып шығарып жібереді. Босағадан бас сұққан жылан екеш жыланға да қастық жасамай, көңілдің түзулігін, пейілдің ақтығын сүт арқылы білдірген. Өздігінен бәле іздемейтін бейбіт халықтың, текті халықтың басқаға ұқсамайтын бұл да бір ерекшелігі еді.

Тілімізде "ақ сақалды ата", "ақ жаулықты ана", "ақ неке", "ақ жүрек", "ақ пейіл", "ақ ниет" деген секілді ақпен байланысты тіркестер жиі кездеседі. Мұның бәрі - ақ сүттің қасиетіне, тазалығына, пәктігіне орайластырылған ұғымдар. Әрқайсысы үлкен мән-мағынаны білдіреді.

Бүгінде әртүрлі қоспасы бар ұнтақ сүтті ішетіндер шынайы ақтың қадірін біліп, обал-сауапты түсінсе екен деймін ғой.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

Пікірлер Кіру