«Анықтама апай»

30 желтоқсан 2020 6106 0
Оқу режимі

Бала кезім. Ол кезде үйге телефон кіргізу үлкен жаңалық болатын. Үйдегілердің айналдырғыштың кішкентай тесігіне саусағын сұғып нөмір тергені, әсіресе, қызық болатын. Тұтқаны алсаң, арғы жағынан тірі адамның дауысы шығатыны қалай? Түк түсінбейтінмін. Кейде телефонға қарап, ұзақ отырып қалады екенмін. Бірде анамның «1», «0» және «5» деген нөмірді айналдырғанда, арғы жағынан «Анықтама тыңдап тұр» деген сөзді есітіп қалдым. Сол дауыспен анам жиі сөйлесетін. Бірнеше рет біреулердің нөмірін сұрап білді. Бірде үйдегі сағат тоқтап қалғанда, оны да сол «Анықтама апайдан» сұрап алды.

Содан кейін бұл апай не сұрасаң да лезде жауап беретінін біліп алдым. Қайдан білейін, балалық шығар, мен де сол апаймен бір сөйлесуге құмарым артып жүрген. Күндердің күнінде сол мүмкіндікке ақыры қол жеткіздім. Үйде ешкім жоқ. Анам қалаға кеткен. Есік алдындағы төске өріктің дәнегін шағып жеп отырғанмын. Бір кезде қолымдағы тас нәмәрттік жасап қате кетті де, сұқ саусағымды бір соқты. Қап, әттеген-ай! Кішкентай саусақта не жан бар дейсіз, шырылдадым да қалдым. Тырнағым қанап кеткен. Енді жылап кімге барам? Сол кезде ойыма Анықтама апай сап ете қалды. Апыл-ғұпыл үйге кірдім де, телефонға жүгірдім. Кішкентай орындықты жақындатып алып, соның үстінен телефон тұтқасына қолымды жеткіздім-ау! Баяғы жаттап алған «105» нөмірін сау қолыммен айналдырып шықтым. Арғы жақтан бір дауыс шыққаны сол екен: «Анықтама апай! Көмектесіңізші!» деп жылап жібердім.
- Не болып қалды, балам!
- Таспен қолымды қанатып алдым. Қатты ауырып жатыр. 
- Үйде анаң жоқ па?
- Жоқ, қалаға кеткен.
- Сен тоңазтқышты аша аласың ба?
- Иә!
- Онда бір кесек мұз ал да, қанаған жеріңе баса ғой. Ол болмаса, мұздай суды ағызып, соның астына саусағыңды бір сәт ұстап тұр. Қанағаны тоқтайды!
- Иә, қазір!
- Бірақ, абайла! Басқа заттарды төгіп алып жүрме! Бұдан былай байқап ойна, жарай ма?
Міне, осы оқиғадан кейін телефон мен үшін ауылдағы ең данышпан адамдай болып кетті. Керегімнің бәрін сұрап аламын. Түсінбеген сабағымды да, тіпті қорадан ұстап алған шымшыққа не тамақ беретінімді де! 
Бір күні тауық қораға кірсем, ең жақсы көретін қызыл қоразым өліп қалыпты. Ішімнің ашығаны-ай! Тағы телефонға жүгірдім. Қайғымды бөлістім. Әдемі дауысы бар қораз өлмеуі керек қой дедім өксігімді баса алмай.
- Мені тыңда, Құрмашжан, ол қораз енді басқа бір әлемге барып шақыратын болады. Үлкейгенде оны өзің түсінесің. Ал енді бекерге қайғыра берме, сен батыр емес пе едің? Батырлар жыламайды!
- Рақмет, Анықтама апай!
Тоғыз жасымда әкемнің жұмыс бабымен басқа ауылға көшіп кеттік. Сонда Анықтама апай бұрынғы үйдегі телефонның ішінде қалды деп ойлаппын. Жаңа үйде оған шауып баруды қойдым. 
Не керек, айлар ауысып, жылдар жылжи берді. Мен қалада институт бітіріп, маман болдым. Кейде балалық шағымда ойлағанда, осы бір Анықтама апай баламен бала болып, менің бүкіл еркеліктерімді көтеріп жүргенде, бастықтарынан талай ұрыс естіген шығар, ә! Неге екенін қайдам, сол телефондағы апайды мен өлердей жақсы көрдім. Ол апай балалық өмірімнің бір бөлшегіне айналғандай еді. 
Бір күні балалығым ұстап телефонды алдым да, сол кезде біздің ауылды қамтамасыз еткен анықтама бөліміне қоңырау шалдым. 
Тұтқаны көтерген кісі «Анықтама қызметі тыңдап тұр!» - деді. Міне, ғажап! Сол баяғы мейірімді дауыс! Балалық шағымның дауысы! Ішімде қандай күй кешіп жатқанымды бір Құдайдың өзі ғана біледі. Әйтеуір бір жылылық, жақсы көру, құрмет, мейірім, адалдық, жауапкершілік секілді жақсы қасиеттердің бәрі бірімен-бірі жарыса келіп, жүрегімді түрткілей бастағанын білемін.
- Анықтама апай, менің қызыл қоразым өліп қалды, енді не істеймін, дедім дауысымды өзгертіп.
Бір-екі сәт ойланған арғы жақтағы кісі: «Саусағың жазылып қалған шығар, балапаным!» демесі бар ма? 
Ішім бұрынғыдан да астаң-кестең! Күліп жібердім.
- Апай, сіз әлі осы жерде жұмыс жасайды екенсіз ғой. Сізді қалай сағынғанымды білсеңіз ғой!
- Мен де сені сағындым, қарағым! Бір күні өзі тауып хабарласар деп армандаушы едім. Сол арманыма бүгін жетіп отырмын. Қалайсың, жаным! Батыр да сотқар балам, менің!
- Иә, сізге балаңыздай еркелеппін ғой. Соның бәріне шыдап, көтергеніңізге рақмет. Не айтсам да, ашуланбай, аналық ақылыңызды беріп отырғаныңызға мың алғысымды білдіремін.
- Сен де маған қандай жақсылықтар жасағаныңды сезбедің-ау, сірә! Менің өз балам болмаған соң, сен секілді тап-таза, шынайы, тәп-тәтті баланы жаныма қалай жақын тұтқанымды білсең ғой! Оның ләззатын мен қазір сөзбен жеткізе алмаспын. Жүрек қана сезеді! Бар өмірімнің жартысы сені еркелетумен, екінші жартысы сені сағынумен өтті ғой, шамамда. Рақмет, қарағым!
Осы сөздер айтылып жатқанда, менің жүрегім сыздап жылап жатқандай еді. Жүрегімнің көзі болса, жасы көл болар еді-ау сонда. 
- Анықтама апай, кешіресіз! Тағы да сізге хабарласып, қоңырау шалып тұруыма бола ма?
- Әрине, балапаным! Бірақ Анықтама апай демей, Мұңлық апа деп сұрасаң, маған қосып береді ғой. 
Арадан екі ай өткенде, тағы осы нөмірге хабарластым. Бірақ тұтқаны бөтен дауыс алды. Бірақ бұл да мейірімді дауыс сияқты!
- Мұңлық апаны телефонға бола ма екен?
- Мұңлық апа дейсіз бе? Бұл кім екен?
- Мен, мен жақын танысы едім. Жоқ, дәлірек айтқанда баласы едім.
- Есімің Құрмаш па?
- Иә, оны қайдан білдіңіз?
- Құрмашжан, апаң ұзақ жылдар бойы сырқаттанып жүретін. Сол сырқаты асқынып бірнеше күн бұрып апаңды шығарып салдық.
Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
- Шығарып салғаны қалай? Қайда?
- Келмес сапарға, балам! Кетерінде саған сәлем айтты. Мені сұрайтын болса, «Бұдан кейін де өмір бар, сол жерде жолығармыз. Ол жақта әркім сүйгенімен бірге болады деп айтарсың», деді. Апаңның иманы саламат болсын, балам! 
- Айтқаныңыз келсін! Ләйім, солай болсын! Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан сүйінші қандай тамаша! Иә, әркім сүйгенімен бірге болады.
Рақметімді айтып, тұтқаны қойғанымда көйлегімнің кеудесі жасқа шыланып қалған екен. Аллаға ұзақ дұға еттім...

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру