АНАНЫҢ ҚЫЗЫНА ХАТЫ...

04 наурыз 2024 3447 0
Оқу режимі

Аяулы қызым!

Бір әйелдің тазалығы ең алдымен отбасынан көріледі, отбасын айнадай етіп таза ұстайтын әйел әр іске икемді пысық болады, өзіңе тиісті отбасың болған күннен бастап, ерте тұрып, басқалар оянудан бұрын отбасын тап-тұйнақтай етіп тазалауды әдет ет, әйел болу оңай, ал ел сүйінетіндей, ері сүйетіндей әйел болу машақатты шаруа.

Ол үшін, тынбай құлшын қызым, ертеңгі ибалы келін, асыл жар, аяулы ана болу үшін бүгіннен баста, менің алдымнан баста. Шешең білгенін өмір бойы құлағыңа құйып келеді, ертеңгі күндерді пәк ниетіңмен күтіп ал, ниетің таза болмаса, істеген ісіңнің де, ұстаған үйіңнің де берекесі болмайды. Еркелігіңді, балалығыңды, аңқаулығыңды барлығын туып-өскен осы үйге қалдырып кет, шешең барлығын қастерлеп шаңыраққа іліп қойсын!

Ақылды қызым!

Әйелдің екінші тазалығы ерінің киімінен білінер, құдай қосқан жан жолдасыңның киімін реттеп, жағалы киімдерін қастерлеп ұста, еріңді құрметтеуді оның киімінен бастасаң, ел алдында құрметі артады. Ана-мына жерде илектеніп, кір болып, аяқ астында қалмасын.

 Еріңді құрметтегенің ертеңгі ұрпағыңның саған жасар сыйы деп біл. Сыртқа шыға қалса жаға-жеңін тап-таза етіп, жылы қабақпен шығарып сал, ол келгенде күліп қарсы алатын бол!

Еріңнің алдында орынсыз ашуланба, айғайлап сөйлеме, әр уақыт ақылыңды ғана өзіңе серік ет.

Алтын қызым!

Әйелдің үшінші тазалығы жатар орынның тазалығынан білінер, орын көрпеңді үнемі далаға жайып, жуып-шайып таза ұста, осы істер қарапайым ғана болғанымен көп адамның қолынан келе бермейді. Әдетте мұнтаздай жүретін кейбір жандар осыған мән бермейді. Ал, қызым, ең алдымен таза бол, әр күніңді тап-таза, көңілді өткіз, қысыр кеңеске бой ұрма, барған жеріңде ақылды да, ибалы бол!

Анасы қалай, атасы қалай демесін, ақылыңды ғана өзіңе серік ет!

Ал, қызым бақытты бол, көңілді бол, мәңгі жарқырап-жайнап жүре бер!

Құрметпен: Анаң ...

 

 

 

Пікірлер Кіру