АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫ БОЛҒАН, АДАМДАРДЫҢ МЫРЗАСЫ БОЛАДЫ

15 сәуір 2024 1690 0
Оқу режимі

Жаратылыс заңдылығынан еш нәрсе тысқары шыға алмайды. Қанша ғасырлар өтті күннің батып, таңның атуын, қыс келіп, жаздың кетуін ешкім өзгерте алған емес. Себебі, бұл құбылыстар бекітілген, заманның ақыры болғанша өзгермейтін ережелер. Міне, сол сияқты өте ұлық та, керемет болған адам баласының  жаратылысының өзіндік ережелері мен бастаулары бар. Адам баласы ол ережелерді сақтамай, өзінің өмір сүру принциптерінен тайған кезде, хайуанның да іс-әрекетіне ұқсамайтын қылықтарға барады. Мұнымен, адам баласы өзінде еркі деген қасиеті жоқ «робот» деп айтпаймыз. Адам баласы өзінің жан дүниесіне ұлылық пен махаббатты, қабілет пен ақылды, көркем мінез бен кішіпейілділікті, сезімталдық пен сабырлықты, жақсыны тез үйренгіш, жаманнан жиренгіш секілді қасиеттерді орнатқан мемлекет болуы керек.      

Адам баласы өмірге келгеннен кейін, ең бірінші міндеті бұл өмірді адам болып сүруі. Адамның сансыз жаратылыстар ішінде ерекше жаратылыс екеніне еш дау жоқ. Демек, бұл ерекше болған жаратылыстың өмір сүру жолы да ерекше болуы керек. Құранда Жаратқан: «Біз адам баласын құрметті еттік, құрлық пен суда оны алып жүрдік, оған жақсы нәрселерді ризық еттік және оны көп жаратылысымыздан артық көрдік» («Исра» сүресі, 70-аят) деп айтады. Тағы бір аяттарда бұл жер бетіндегі жаратылыстың бәрі осы адамзатқа пайдалануға берілгені жазылады. Шындығында, бір сәтке ойланып қарасаң, технология мен толассыз даму ғасырында адам баласы ең биік болған аспаннан бастап, мұхиттар тұңғиығына дейін меңгеріп, пайдалана бастады. Біз бүкіл әлемді ақтарып қанша іздесек те, бейнесі адам кейпі секілді керемет жаратылыс таба алмаймыз. Жаратушы Алла «Тин» сүресінде: «Адам баласын ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) дейді. Алла сөзінің растығын, адам табиғатының кереметтігі мен ұлылығын оның  кескініне, бейнесіне, мүшелеріне, қасиеті мен қабілетіне қарап білсек болады. Бірақ, адам баласы қанша ұлы болғанымен, Жаратқан алдында ол – құл, бағынушы, әмірінен шықпайтын бір орындаушы ғана. Ия, бір Жаратқанның ғана құлы, басқаның емес.

Кезінде біздің қоғам Алланы мойындамай, дінді кінәләп жаман пікірде болып келді ғой. Бірақ, сол кезде біздің қоғам КПСС-тің құлы болғанына аса мән бермеген екен. Пенде Алла тағаланың құлшылығынан шыққан мезетте, басқа бір өзі секілді жаратылыстың билігіне, құлшылығына, ырығына кірері табиғи жәйт. Өмірдің заңдылықтарының бәрін материялық көзқараспен түсінетіндер, материяның құлы болады. Қазіргі уақытта кең тараған «ақша болса бәрі болады» деген түсінік те, адамзатты ақшаның құлы болуға жетелеп жатыр. Себебі, ақша үшін ақты да, қараны да орындаған пенде, сол ақшаға құл болмағанда кім болды? Мұнымен пенде бостандықта, еркін самғап жүрген қанаттарын өз қолымен байлайды. Ешкімге бағынбаймын деген пенденің өзі, нұқсаны әрдайым бірге жүретін ақыл­парасатының құлы мен құрбанына айналады. Демек, нағыз еркіндікте, шынайы бостандықта, шексіз тәуелсіздік иесі болған адам – ол жалғыз Жаратушыға ғана құл болған адам. Жалғыз Алланың мүлкі әрі қызметшісі болған адам. Өзін бір тамшы судан жаратып, осындай керемет кейіпке келтірген Жаратушыға қалай ғана қызметші болмасқа. Ана құрсағынан бастап қабірдің есігіне дейін адамға берілетін ризықтың жолын қандай керемет реттеген. Адам баласына берген сыйына қарап, пікір қылсаң, оған деген Алланың шексіз мейірімін сезесің. Ал біз болсақ, жаратылыс болған мылқау табиғатты Жаратқанға теңеп келдік.

Алла тағала адам баласын жаратып қана қоя салмай, мейірімділігі соншалықты, өмір сүру заңын да сызып берген. Міне осы заңды біз бүгінгі күнге дейін «дін» деп атап келеміз. Қандай ғасырда, қай қоғамда болса да өмірдің барлық саласында діннің әсері, атқарған рөлі үлкен. Жаратқанға сену ­ адамның болмысына қалыптасқан, сіңген сезім. Кеңестік дәуірде Жаратушыны қанша жоққа шығарғанымызбен, бұл сезім қазақтың әрбірінің тұла бойында тыныс ала алмай тұншығып жатты. Кеңес үкіметінің бір ғасыр да өмір сүре алмай құлдырауына осы қателігі үлкен себеп болды. Адам жаратылысы мен болмысының табиғатына қарсы күресу – мұхиттан келіп, жағалауды соғып жатқан алып толқынға қарсы тұрумен тең әрекет секілді.

Бірінші Алла Жаратқан, екінші тәуелсіздігіміздің арқасында құндылықтарымыздың көпшілігін қайта жаңарта бастадық. Сол құндылықтарымыздың басы дінімізге қайта бет бұрдық. Бірақ осы құндылығымызды қазірге дейін дұрыс  үйрене алмай, сонымен бірге дұрыс ұстана алмай келеміз. Білімсіздік басым ба деймін. Терең білмей, меңгермей тұрып шапқылап кетіп жатқандаймыз. Құранда айтылғандай, дін – ғылым мен білім ғой. Дінді оқу, үйрену керек.   

Исламды дұрыс ұстанған адам қоғамда қай жағынан болса да ең үлгілі азамат.  Басқа жұрт мұсылман, діндар адамға қараған кезде мен де солай болсам екен деп тілейтін болуы керек. Алла Жаратқан Құран Каримде мұсылмандарға: «Сендер адамдар үшін ең қайырлы халық болып шығарылғансыңдар, жақсылыққа бұйырасыңдар, жамандықтан қайтарасыңдар және Аллаға сенесіңдер» («Әли Имран» сүресі, 110-аят) дейді. Демек, мұсылман халқы барлық жағынан абзал, алда жүретін қауым. Жақсылыққа түрткі, жамандыққа жүген болатын ел. Әдептілік, адамгершілік, кісілік секілді қоғамдық қасиеттерде басқа халықтар мұсылмандардан ғибрат алуы керек. Тарихта  мұсылмандар өздерінің көркем мінезі арқылы Малайзия, Индонезия және Африканың батысындағы көптеген елдердің Исламға кіріп, ақиқат жолына түсуіне себебші болғаны белгілі.

Сонымен бірге мұсылмандар білім мен ғылымда өзінен ешкімді оздырмайтын халық болды. Себебі, алда жүрмесе адамзат үшін қалай ғана қайырлы, пайдалы халық бола біледі? Ислам тарихына қарасақ, ең алғашқы түскен аяттар «Оқы және оқы» болған. Оқыған, ізденген ел ешқашанда төмен болмайды, артта қалмайды. Осы ғасырдағы дамыған Европа елдерінің ең негізгі ерекшелігі көп оқу мен іздену болып отыр. Дана қазақ «Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы» деп тауып айтқан ғой. Кезінде Кеңес өкіметінің негізін қалаушы болған Ленин де өзінің «оқы, оқы және оқы» деген өсиетін біздің Исламның бірінші түскен аятынан алған секілді. Тарих желісінде ислам әлемі қашан оқумен, ғылыммен терең айналысқан тұстарда ең алдағы, дамыған халық болды. Ғылымның қай саласында болса да үлкен үлесін қосты. Мысалға алсақ, Орта Азиядан шыққан Ибн Синаның кітаптары, медицина саласында ашқан жаңалықтары, қосқан үлесі Европа елдерінде қазірге дейін зерттеліп, талқыланады. Бұл мұсылман халқының әлемге сыйлаған көп жемістерінің бірі деп айта аламыз. Бірақ, жетісті де жемісті ұрпақ – атам осындай болған деп мақтанып қана қоймай, ата жолын қуғаны болса керек. Қазақ айтады ғой: «Ата малы балаға мал болмайды» деп.  Ата берген жемісті ары қарай жалғастыру, сақтау қазіргі мұсылман буынның мойнында тұрған үлкен міндет.

Жаратқанды мойындаған пенденің бұл өмірдегі мақсаты да, көзқарасы да өзгеше болады. Себебі, ертең бақилық өміріміз бар, сұрақ-жауапқа тартылатын күніміз бар, кім бұл өмірден жақсы болып өтсе, ол пендені жақсылық күтіп тұрады, ал кімде-кім, нәпсі мен құмарлығының соңынан кетсе, пейнет қылып, еңбек жасамағаны үшін оны жаза күтеді деп сенеді. Нағыз тамаша, әрі мәңгі өмірді сонда сүруім керек деп ойлайды. Бұл дүниенің ақиқатын біледі. Алла рұқсат берген шеңберде ғана пайдалануым керек деп ойлайды. Сондықтан қоғамдағы жақсылыққа көбірек ұмтылатын адам – осы кісі болады. Егер қоғам бәрі осындай азаматтардан тұратын болса, қандай керемет қоғамға айналар еді.

Жоғарыда айтылған қасиеттерді Жаратқанға, мәңгі өмірге сенбейтіндерден таба алмаймыз. Құдіретті мойындамаған адам бұл дүниені ғана мойындап, қарасына да, ағына да батады. Ол бұл дүниені ойлаудан артыққа бармайды. Жейтін қамы да, көретін пайдасы да осы қысқа ғана өмірдің пайдасы. Ал, бұндай жаман қасиеттердің қоғамға келтірер зияны шексіз екеніне дау жоқ.

Мұсылман пенде өзінің жеке қасиеттері жағынан басқа адамдардан ерекшеленіп тұрады. Адамдармен қарым-қатынасында туралық пен шыншылдық оның бастауы болады. Екіжүзділік, алдау, арбау табиғатына жат болады. Мұхамед алайһи сәләмнің бір хадисінде: «Мұсылман адам кейде күнә жасап қоюы мүмкін, бірақ өтірік айтуы мүмкін емес» делінеді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с) Алланың адамзатқа жіберген сыйы деп білуіміз керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қаншалықты ұлы және мұсылмандар үшін өте құрметті адам екендігін Дания мемлекетінің кейбір суретшілері келемеждеп, карикатура жасаған уақытта мұсылман әлемінің наразы болып, қатты көтерілгенінен әбден байқадық. Ол жай ғана адам болса, мұншалықты дәрежеде халықтың көтерілуі мүмкін емес еді. Американың белгілі ғалымы Майкл Харт: «Тарихта діни және дуняуи салада бірдей, өте жоғары дәрежеде жетістікке жеткен Мұхаммед қана. Ол дін мен дүниенің арасын бір уақытта ықпалды болуда теңдессіз, дара етіп біріктіруі – ол кісіні адамзат баласының тарихындағы әсер беретін ең ұлық тұлға деп тануға лайықты етеді» дейді. («Ислам туралы айтады» кітабы, Имадудин Халил). Қазақтың кемеңгері Абай да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан сөз жай ғана біреудің пікірі емес, қасиетті, нақыл сөз деп үйретіп кеткен.

Олай болса, өзімізде осындай баға жетпес құнды дүниелер тұрғанда неге Батыстан қандай бір іс-әрекет көріне қалса, асыға үлгі тұтуға асығамыз? Бүгінге дейін жастарымыз орысша сөйлеп, ойлап кетті деп уайымдап жүрсек, енді келіп батысша ойлап бара жатқан жастарға тап болып отырмыз. Осы ғасырдың жанға батар жаңалықтарының бірі мына «Жаһандану» саясаты. Әлем халықтарының баршасына бірдей бір мәдениетті, бір өмір сүру жолын, бір саясатты, бір көзқарасты жүктеу адамзат баласының табиғаты мен болмысына жасалынатын үлкен қиянат болады. Адам баласы тарихтан әртүрлі ұлт, әрқилы ел болып келген, солай болып қалады да. Себебі бұл, Алланың жер бетіндегі қияметке дейінгі белгілерінен. Демек, әрбір елдің өз діні, тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өзіндік өмірге деген көзқарасы, жеке мәдениеті, тарихы бар. Егер біз батыстан келіп жатқан бұл саясатты қолдап, елімізде етек алуына, жайылуына жол беретін болсақ, тарихымыздың, мәдениетіміздің және дініміздің тамырына өз қолымызбен балта шапқан боламыз.

Екінші жағынан, бұл саясаттың басты мақсаты өте бейбіт жолмен еліміз бен жерімізді жаулап, енді ғана жеттік пе деген тәуелсіздігімізден қайта айыру. Солардың бірі мына елімізде қаптап кеткен әртүрлі діндер мен ағымдарға жетелейтін миссионерлердің қозғалысы. Қазаққа жаны ашитын, көзі ашық әрбір азаматтың жанына батып отырған жәйт. Біз өзіміз ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алмай дағдарып жатқанда, халқымыз сырттан келіп жатқан арам пиғылды идеологиялардың соңына еріп кетсе, ертеңгі болашақ қалай болмақ? Олар өз халқы мен мәдениетіне емес, сол идеологияның қожайынына қызмет етіп кетпей ме? Бір отбасында әке бір дінде, бала екінші дінде болып жатса, отбасылық өмірдің шаңырағы ортасына түсіп жүрмей ме? Үйдегі отбасылық өмірге қатер төнді деген, қоғам өміріне қауіп төнді деген сөз. Осы мәселеге қарсы қазірге дейін қандай шаралар қолдана білдік? Бір ауруды емдеу үшін, алдымен сол аурудың себебін іздеу керек емес пе? Басқа дінге өтіп кетіп жатқан бауырларымыз өз дінін толық білмегеннен кетіп жатыр. Біз етек алып бара жатқан бұл оқиғаның алдын алу үшін, оларды осы бассыз әрекетке алып барып жатқан себептің түбіне балта шабуымыз керек. Діни сауатымызды көтеруіміз керек, дініміздің негіздері мен құндылықтарын халыққа жеткізуге болатын жолдардың бәрін пайдалануымыз керек. Бұл саладағы білімді азаматтырымызды жүйелі түрде іске қосуымыз керек. Керісінше болған жағдайда, ахуалымыздың қиындай берері анық екеніне дау жоқ.

 

Шохаев Еркінбек Керімбекұлы,
дінтанушы 

Пікірлер Кіру