Адал ас және жүктілік

14 қазан 2019 9667 0
Оқу режимі

Мұсылман адамның күнделікті не ішіп-жейтіні өте маңызды. Алла Тағала Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»[1] – деген.

Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Әбу Хұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер»[2] десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер»[3], – деп әмір еткен».

Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» – деді»[4].

Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,[5] – деп мұңайған еді.

Халал және харам ас – адамның өміріне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Кісінің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөз сөйлеуі, көркем тәрбиесінің бәрі-бәрі де – халал астың асыл қасиетінде жатса керек.

Қазіргі кезде ата-аналар тарапынан «Балаларымыз тілімізді алмайды» деген наразылық пікірді жиі естиміз. Оған таңданудың қажеті жоқ. Егер біз әлі дүниеге келмеген сәбилерімізді, олар аналарының жатырында болған кезден бастап харам аспен қоректендіретін болсақ, ержеткен соң миларына харам жасау туралы ойлар келері анық емес пе!? Еске берік сақтайтын бір түйін, халал ас – рұқсат етілген ойлар мен әрекеттерді тудырса, ал харам ас – рұқсат етілмеген ойлар мен әрекеттерді тудырады.

Егер бала дүниеге келгенге шейін оның ата-анасы адал өмір сүріп, Аллаға иман келтіргендерден болса, онда оның баласы да Құдай жолына берілген адам болып шығары сөзсіз. Дүниеге сәби келер алдындағы ата-ананың істері жарық өмірге әлі келе қоймаған баланың жетілуіне әсері өте жоғары болады.

Иманды бір адамның баласы тентек болып өседі. Біреу ол кісіден: «Расында қызық нәрсе, сіз сондай Құдай жолына берілген адамсыз, ал балаңыз болса өте сотқар. Бұл қалай болғаны?» деп сұрайды. Сонда иманды адам былай жауап берген екен: «Бірде кешқұрым бір бай адамның үйіне асқа шақырылған едім. Оның кірісі күмәнді болатын. Астан соң менің нәпсім қозып әйеліммен қосылдым, ал әйелім жүкті болып қалды. Бұл бала болса, сол күмәнді астың нәтижесі».

Сондықтан, әйелдің аяғы ауыр кезінде тек рұқсат етілген жолмен табылған әртүрлі халал тағамдарды жеу аса маңызды. Егер тағамның адал екендігіне күмәнданатын болсаңыз, онда ол астан дәм татудан бас тартқаныңыз жөн.

Хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) басынан мынадай бір оқиға өткен екен.

Ол үнемі алдына қойылған астың адалдығына көз жеткізіп барып ішетін. Бір жолы алдына сүт қойылғанда, сұрамастан бір-екі ұрттайды. Сөйтті де әлдене есіне түскендей жанында тұрған кісіге бұрылып: «Қу аштықтың алды-артыма қаратпағанын қарашы, сен бұл тамақты қайдан әкеліп едің?», – деп сұрады. Қызметшісі кезінде біреуге бал ашып, көріпкелдік жасағанын, соның ақысын енді алғанын айтқанда, хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) өңі сол мезет өзгеріп кетті. Бойы қалтырап, қатты қорқып кеткені байқалды. Далаға атып шығып, саусағын дереу тамағына жүгіртті. Бір қызарып, бір көгеріп қинала отырып, ішіндегіні түгел ақтарып тастады. Сөйтті де: «Уа, Раббым! Қаныма сіңіп, тамырыма тарап кеткендер болса, өзің кешіре гөр!», – деп жалбарынды. «Неге мұнша өзіңізді қинадыңыз?», – деп сұраған қызметшісіне: «Ардақты пайғамбарымыздан(с.ғ.с.): «Кімде-кім бір түйір болса да харам ас жесе, ақыретте тозақта тазартылады», – дегенін естіген едім», – деп жауап берген екен.[6]

Болашақ ұрпағыңыздың өмірі – сіздің халал ризық тауып жеп, адал өмір сүруіңізге тіке байланысты. Ендеше, «Алланың жібінен берік ұстап» халал еткенге жақын, харам еткенге қашық болайық.

 


[1] «Бақара» сүресі, 168-аят
[2] «Мүминун» сүресі, 51-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 172-аят.
[4] Мүслим, зекет, 65.
[5] Бұхари, Бую, 7.
[6] Бұхари, Мәнақибул-ансар, 26

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру