АБАЙ КӨРСЕТКЕН РУХАНИ БІЛІМ ҚАНДАЙ?

15 шілде 2024 1205 0
Оқу режимі

Әрбір жан Алланың бір бөлігі болғандықтан, оның толық еркі мен қалауы бар. Бұл тұлғалық қасиеттер. Жан шексіз болғандықтан, оның қалауы мен еркі де шексіз, сондықтан, шексіз жандардың ықпалымен шексіз көп өмір көріністері бар. Біреулер Алланың жолында болып, рухани өмір сүргісі келеді. Ал біреулер Алланың көмегінсіз өздері қанағат тапқысы келеді. Сол үшін материалдық әлем жаратылған.

Алла тағала әлемді ғана емес, оның өмір сүру заңдылықтарын да берді. Адасқан жандар заттық әлем заңдылығымен өмір сүріп, өзерінің нәпсілерін толық қанағаттандырған соң, бұл әлемнің жалған екенін түсініп, Абайша айтқанда «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, жалғаны жоқ бір Тәңірім кеңшілік қыл» деген шешімге келеді. Осылай ол Түп Иеге қайтуға бет бұрады. Заттық әлем, міне, сол үшін жаратылған. Дін дегеніміз - заттық әлемді рухани жетілу үшін пайдалану жолы мен әдістері. Жалпы кең ауқымда қарастыратын болсақ, өмірдің өзі дін көрінісі болып табылады. Алла тағала дін арқылы, яғни өмір арқылы адасқан жанды Өзіне қайтарып алады.

Абайдың «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ» деген терең ғибратты сөзін түсіну үшін өмірдің жалпы заңдылықтарына үңіліп көрелік.

Өмір заңдылықтарын түсіну үшін әуелі рухани білім керек. Рухани білімнің не екенін Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай деп анықтап жазады:

«Қашан бiр бала ғылым, бiлiмдi махаббатпенен көксерлiк болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзiн танымақтық, дүниенi танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәлiб мәнфағат дәфғы мұзарратларны (пайдалы және залалды iстердi) айырмақлық секiлдi ғылым-бiлiмдi үйренсе, бiлер деп үмiт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала».

Абай әуелі адамдықтың шартын айтады. Ол – ғылым, білімді махаббатпен көксерлік екен. Махаббатпен көксеген кезде ғана ғылым-білім жүрекке ұялап, түйсікке жетеді. Ол қандай ғылым-білім? Әрине, рухани ғылым-білім. Мұны Алла тағаламен байланыстырып тұрған екінші жолдан көреміз. Алламен байланысқан білім рухани болып, ал тек қана дүниемен байланысқан білім материалдық білім болып табылады.

Абай атаған жан құмары білмекке құмарлық болса, ол құмарлық Алла тағаланы білмекке құмарлық болса керек. Себебі, жан рухани болғандықтан, әрине, оның құмарлығы да рухани болуы қисынға келіп тұр. Сөйтіп Абай бұл жерде де адам болудың бірінші шарты иманды болып, рухани ғылым-білімге ұмтылу керек екенін ескерткен.

Бала тәрбиесiнiң табысты болуы иманға байланысты. Егер иман болмаса бәрi бос, ең болмаса оның нәтижесi шала. Абай осылай бiлiмдi қабылдау шартын бередi. Сонан кейiн қандай бiлiм беру керек екенiн айтып отыр. Ол білім болмыстың төмендегідей төрт негізі екен. Абай болмыстың мынандай негіздерін көрсетеді. Бiрiншiсi, Алла Тағаланы танымақтық, бұл – Алла Тағаланың жасампаз, жаратушылық сипатын тану. Екiншi, өзiн танымақтық, бұл – адамның өз болмысын, яғни өзін-өзі және басқа да жан иелерiн тану. Үшiншi, дүниенi танымақтық, бұл – қоршаған ортаны, бүкiл табиғатты тану. Төртiншi, өз адамдығын бұзбайтын пайдалы және залалды iстердi айырмақлық, бұл – iс-әрекеттiң мән-мәнiсiн, оны қалай және не үшiн жасауды тану. Сонымен Абай төмендегiдей Болмыстың, яғни Абсолюттiң негiздерін бередi:

  1. Жаратушы (Алла Тағала сипаты).
  2. Жан иелерi.
  3. Қоршаған табиғат (жаратылыс).
  4. Iс-әрекет.

Бұлардың алғашқы екеуі Болмыстың рухани бөлігін тану болса, соңғы екеуі материалдық бөлігін тану болады. Бүкіл Болмыстың негізі рух болғандықтан, оларды бірінен бірін бөлмей, тұтас қарастырғанда, рухани білім болып табылады.

Болмыс көрiнiстерiн осылай жүйелеп, бөлiктерге бөлу Аристотель мен әл-Фараби мұрасында, сондай-ақ, әл-Ғазали сияқты суфизм классиктерінде де бар. Діни білім, яғни рухани таным өзінің кең мағынасында Болмысты толық қамтитынын олар жақсы білген.

Рухани білімді игеру үшін оның маңызы мен не екенін, пайдалы білім мен пайдасыз ақпаратты айыра біліп, және оны қайдан, қалай алу керегін жақсы білу керек. Рухани біліммен өмірдің түпкі мақсатын ашып, өзіміздің кім екенімізді, қайдан келіп, қалай пайда болғанымызды, өлген соң қайда баратынымызды білеміз. Әркімді толғандыратын өмірдің бұл маңызды сұрақтарын Шәкәрім өзінің «Тура жолда қайғы тұрмас» өлеңінде былай деп береді:

Шынды білмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды біл.
Ең керекті үш сұрақпен,
Жан құлағын қой бұрап.

«Келдім қайдан? Қайтсе пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген - жан, ақыл - айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ».

Рухани білім арқылы өзіміздің тән емес, білімге толы ләззатқа бөленген мәңгілікті жан екенімізді және Алламен байланысымызды  түсінеміз. Егер бұл әлемнің тұрақсыздығын, біздің үйіміз емес, өмірдің арғы жағына өтуге берілген кеме екенін түсінсек, онда өзіміздіің мәңгілікті үйімізге, Түп Иеге қайтуға бет бұрамыз. Сонда қоршаған орта, сонымен бірге денеміз бұл өмір өзенін кесіп өтетін кеме екенін білеміз.

Кемені дұрыс пайдаланып, бұл шексіз өмір өзенін кесіп өту үшін әуелі оның құрылысын жақсы біліп, жасалған материалдарды қайдан алуға болатынын білу керек. Яғни, біз материалдық әлемнің бөліктерін, олардың қасиеттерін, қалай пайда болуы мен қайнар көзін білуіміз керек. Сонда ғана Алланың берген кемесін өзімізге берілген мақсатта уақыт ықпалымен дұрыс пайдалана аламыз.

Біз әрекеттің не екенін, оның маңызын түсініп, заман талабымен оны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Яғни, қандай әрекеттің пайдалы, ал қандай әрекеттің пайдасыз екенін білу керек.

Материалдық әлемнің, яғни фәни өмірдің рөлі мен оның мақсатын түсінгенде ғана оны жетілу жолында өз дәрежесінде қолдануға мүмкіндік туады. Сондықтан, шексіз материалдық әлемді жақсы түсініп, оның заңдылығын жақсы білуге ұмтыламыз. Рухани әлем үнемі өзіне тартып тұрады. Оның себебін білу үшін Оның қасиеттерін, Болмыстағы алатын орны туралы түсінігіміз болу керек.

Болмыс туралы осындай толық білім болғанда ғана кемеміз шексіз материалдық әлемді кесіп өте алады. Рухани білім фәни өмірдің бейберекет толқындарын кемеміздің жүрісіне дұрыс пайдаланып, мақсатымызға жетуге мүмкіндік береді. Су толқынын пайдалана білуге байланысты оның пайдасы, не болмаса зияны болады. Су шаңғысымнен жүзетін спортшы өзінің қозғалысында толқынды пайдаланады. Толқын үлкен және күшті болған сайын, оның жылдамдығы да арта түседі. Егер толқынды дұрыс пайдалана алмаса, ол суға құлайды. Рухани жолдағы адам да өмірдің шексіз шырғалаңдарын дұрыс пайдалана алғанда ғана өзінің мақсатына жете алады.

Күнделікті көретін жақсы мен жаман, қуаныш пен қайғы фәни өмірдің толқындары. Олардың себебі мен салдарын жақсы түсініп, дұрыс қабылдай білу керек. Қандай құбылыс болса да, белгілі бір заңдылықтың аясында. Сол заңдылықтарды түсініп, өмір толқынын жетілу жолында пайдалана білгенде ғана кемеміз алға жылжи алады. Егер олай жасай алмасақ, рухани жолда ғана емес, күнделікті өмірдің өзінде де үлкен қиыншылықтар туып, мақсатқа жетпек түгілі, өмірді дұрыс өткізе алмай зардап шегеміз. Кемеміз суға батып, түпкі мақсаттан айырылып қаламыз.  Өмір толқындары оның барлық талпынысын талқандап, қасіретке батырады. Көпшілік адамдардың өмірі осындай.

 

Досым ОМАРОВ,

абайтанушы, теолог

 

 

Пікірлер Кіру